ШҚО фермерлерінің өнімі Астанадағы жәрмеңкеде сұранысқа ие болды
Тұрғындар ет, сүт өнімдерін, бақша дақылдары мен бал сатып алып жатыр
1 және 2 қазанда елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтуде. Оған Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысының фермерлері өз өнімдерін әкелді деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл күндері Тұран 48 мекен жайындағы «Астана-Арена» стадионының жанындағы алаңда адам қарасы көп. Астаналықтар бал, күнбағыс және сары май, балық және басқа да өнімдерді сатып алуға асығуда. Жалпы көлемі 282 тоннаны құрайтын 70-тен астам өнім атауы ұсынылған.
«Біз жыл сайын жәрмеңкенің Шығыс Қазақстаннан келуін асыға күтеміз. Бұл аймақтың өнімдері әрқашан жоғары сапалы, жақсы баға және керемет дәмге ие. Қыс мезгіліне дайындалып, сол үшін бал, бау-бақша өнімдерін молынан сатып алдық», - дейді елорда тұрғыны Мархабат Қоңырбаева.
ШҚО делегациясының айтуынша, әсіресе елорда тұрғындарына өңірдің агроқұрылымдарының еті, бал, балық және сүт өнімдері ұнап, ерекше сұранысқа ие болды. Естеріңізге сала кетейік, шығысқазақстандықтар Астанаға 120 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін, оның ішінде 1,7 тонна сиыр еті, 0,5 тонна қой еті, 11,6 тонна жылқы еті, 48,5 тонна бал, 14 тонна тазартылған және тазартылмаған күнбағыс майы, 16 тонна картоп пен көкөніс, 8 тонна сүт өнімі, 3 тонна бақша дақылдары, 5 тонна құс еті, 223 млн.теңгеден астам сомаға 5,5 тонна балық өнімі, 2 тонна шұжық өнімі, 2 тонна ұлттық тағам және 3 тонна қымыз және Пант өнімдерін алып келді.