Қасым-Жомарт Тоқаевқа қастандық жасамақ болған азамат 17 жылға сотталды
Үкім заңды күшіне енген жоқ
Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қастандық жасамақ болған азаматқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Астана қалалық сотына сілтеме жасап.
Аталған қылмыстық іске қатысты сот отырысы ҚР ҚІЖК-нің 29-бабына сәйкес жабық жағдайда қаралды.
Жазалау бойынша сот шешімі:
А-ны кінәлі деп тану және мынандай жазалар тағайындау:
мемлекетке опасыздық жасағаны үшін (ҚР ҚК-ның 175-бабы, 1-бөлігі) - 11 жылға бас бостандығынан айыру;
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы бір топ адаммен алдын ала сөз байласа отырып, атыс қаруын алып өткені немесе кедендік бақылаудан жасырғаны (ҚР ҚК-ның 286-бабы, 2-бөлігі, 4-тармағы) үшін - 9 жылға бас бостандығынан айыру;
бір топ адаммен алдын ала сөз байласа отырып, атыс қаруын және жарылғыш заттарды заңсыз сатып алғаны, сақтағаны әрі тасымалдағаны үшін (ҚР ҚК-ның 287-бабы, 4-бөлігі) - 7 жылға бас бостандығынан айыру;
бір топ адаммен алдын ала сөз байласа отырып, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды заңсыз дайындауға талпыныс жасағаны үшін (ҚР ҚК-ның 24-бабының 1-бөлігі, 288-бабының 2-бөлігі) - 4 жылға бас бостандығынан айыру;
мемлекеттік қызметінен кетіру әрі кек алу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентіне қастандық жасауға дайындалғаны үшін (ҚР ҚК-ның 24-бабының 1-бөлігі, 178-бап) - 10 жылға бас бостандығынан айыру;
террористік актіге дайындалғаны үшін (ҚР ҚК-ның 24-бабының 1-бөлігі, 255-бабының 4-бөлігі) - 10 жылға бас бостандығынан айыру;
құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың және әскери қызметшілерге қастандық жасауға дайындалғаны үшін (ҚР ҚК-ның 24-бабының 1-бөлігі, 380-баптың 1-бөлігі, 2-тармағы) – 10 жылға бас бостандығынан айыру;
есірткі заттарын заңсыз сатып алғаны, оны өткізу мақсатынсыз шағын және аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін (ҚР ҚК-ның 296-бабының 4-бөлігі) - 5 жылға бас бостандығынан айыру.
ҚР ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес, айыпталушыны бас бостандығынан айыра отырып, жазаларды ішінара қосу арқылы 17 жылын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу түрінде түпкілікті жаза тағайындалды.