$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ауылдағы ауруханалардың тең жартысы тозған: ұлттық жоба аясында не өзгереді?

32 аудандық аурухана көпбейінді медициналық мекемеге айналады

Ауылдағы ауруханалардың тең жартысы тозған: ұлттық жоба аясында не өзгереді?
Фото: ашық дереккөзден

Бүгінде еліміздің шалғай елдімекендеріндегі ауруханалардың тең жартысы тозған. Оған қоса, ауылға мыңға жуық медицина маманы жетіспейді, деп хабарайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жолдауында екі ұлттық жобаның әзірленіп жатқанын айтқан еді. Соның бірі - «Қолайлы мектеп», екіншісі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы.

Президенттің айтуынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы барлық ауылды қажетті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол 800 мыңнан астам адам тұратын 650 елдімекенді қамтиды. Нәтижесінде шұғыл және орташа технологиялық медициналық көмек алу үшін арақашықтық 500-ден 200 шақырымға дейін қысқарады. Бас-аяғы 32 аудандық аурухананы көпбейінді медициналық мекеме айналдыру жоспарлаған.

Қасым-Жомар Тоқаев «Үкімет бюджеттік процесс аясында осы жылдың қыркүйегіне дейін барлық есебін жүргізуі және аталған ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті шаралар қабылдауы қажет», деген болатын.

32 АУДАНДЫҚ АУРУХАНА КӨПБЕЙІНДІ МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕГЕ АЙНАЛАДЫ

Қазіргі таңда ауыл тұрғындарына 203 аурухана медициналық көмек көрсетіп келеді. Онда 67 мыңнан астам медициналық қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 13 мыңнан астамы - дәрігерлер, 54 мыңы - орта медицина қызметкері. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде ауылдағы ауруханалардың 50 пайызы әбден тозған.

«Ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде проблемалық мәселелер бар. Мәселен, ауылдарда денсаулық сақтау ұйымдары инфрақұрылымының 50% - ға жуығы тозған. Бұдан басқа, денсаулық сақтау саласын реформалау жылдарында ауылдарда ауруханалар жабылып, керуеттер қысқартылды. Осыған байланысты ауылдарда медицина мамандарының саны азая бастады.

Бүгінде ауылда кадр тапшылығы сақталып отыр. Осы жылдың басында ол шамамен 1 мың маманды құрады.  Оның ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуде - 727 маман, стационарда - 320 маман.

Осы мәселелерді ескере отырып, ауылдық медицина бойынша жоспарлы түрде Денсаулық сақтау министрлігі өңірлік әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Мәселен, ауылға медицина кадрларын тарту мәселелері бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен медициналық мамандықтар бойынша білім алған жастар үш жыл міндетті жұмыс мерзімін өтейді. Бұл норма «Білім туралы» Заңға 2012 жылы енгізілген»,-деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Инвестициялық саясат департаментінің директоры  Самат Рамазанов.

Яғни, ауылда жұмысқа орналасқан медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында республикалық бюджеттен 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы және 1 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде баспаналы болуға жәрдемақы көзделген. Бұл шамамен 5 миллион теңгеге жуық қаражат.

«Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен елдімекендердегі мамандарды ынталандыру мақсатында әр дәрігерге 1-2 миллион көлемінде қаражат бөлінеді.

Нәтижесінде 2020-2021 жылдары ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарына 1 322 түлек жұмысқа орналасты. Бұл жұмысқа тартылғандардың 94%-ын құрайды»,-деді Самат Рамазанов.

БИЫЛ АУЫЛДЫҚ ЕЛДІМЕКЕНДЕРГЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ БІЛІМІ БАР 797 ТҮЛЕК ЖОЛДАНҒАН

«Бұл жерде ауылда кадрларды бекіту маңызды мәселе, сондықтан медициналық кадр тапшылығын төмендету мақсатында жергілікті әкімдіктер кадрларды тарту және әлеуметтік қолдау жұмыстарын күшейтіп, жалғастыруы қажет.

Өз кезегінде, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын әзірлеуде, оның мақсаты қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы теңгерімсіздікті қысқарту»,- деп атап өтті Рамазанов.

ҰЛТТЫҚ ЖОБА ШЕҢБЕРІНДЕ 32 КӨПБЕЙІНДІ ОРТАЛЫҚ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ КӨЗДЕЛГЕН

Модернизациядан Ақмола облысында – 2, Ақтөбе облысында – 3, Алматы облысында – 2, Атырау облысында – 2, ШҚО-да – 2, Жамбыл облысында – 3, БҚО-да – 1, Қарағанды облысында – 2, Қостанай облысында – 2, Қызылорда облысында – 4, Маңғыстау облысында - 1, Абай облысында - 1, Жетісу облысында - 1, Ұлытау облысында-1, СҚО – 1, Түркістан облысында – 4 аурухана өтеді.

«Бұл тізімнің ішінде қолданыстағы 12 объектіні жаңғырту, 20 жаңа медициналық мекемені салу жаспарланған.

Көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту барысында инсульт және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерін, триаж жүйесі бар қабылдау бөлімін ашу көзделген. Сондай-ақ, КТ, МРТ, ангиограф, сараптамалық кластағы УДЗ, эндоскопиялық, реанимациялық аппараттар, медициналық реабилитация үшін қажетті заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі»,-деді министрлік өкілі.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асса, мамандар мынадай көрсеткішке жетеміз деп отыр:

  • ауыл халқына инфаркт, инсульт, жарақат алу және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмекті уақтылы көрсету;
  • қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді (инфаркт, инсульт және т. б.) 20%-ға төмендету;
  • ірі қалаларға бармай-ақ, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету;
  • 4 млн астам ауыл тұрғындарын жоғары технологиялық көмекпен қамтамасыз ету.
Серіктес жаңалықтары