«Етпеттеп жатқанда ұятты жерлеріме қол жүгіртті»: Алматыда жедел жәрдем қызметкеріне қатысты дау шықты

Үйіне жедел медициналық көмек шақырған бойжеткен фельдшер өзіне қатысты анайы әрекет жасағанын мәлімдеді

«Етпеттеп жатқанда ұятты жерлеріме қол жүгіртті»: Алматыда жедел жәрдем қызметкеріне қатысты дау шықты
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Алматыда жедел жәрдем қызметкеріне қатысты дау шығып, жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Threads желісінде бойжеткен жедел жәрдем қызметкері өзіне медициналық тексеру жасап жатқанда интимдік сипаттағы әрекеттер жасағанын мәлімдеп жазған. Ал Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем қызметі әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарып отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бойжеткеннің айтуынша, ол 2026 жылдың 14 мамырында түнгі сағат 01:53-те аллергиялық асқынуға байланысты 103 қызметіне хабарласқан. Оның сөзінше, үйіне келген фельдшер алдымен ЭКГ жасап, екпе салған. Кейін бел тұсындағы ауырсынуға байланысты тексеру қажет екенін айтып, етпеттеп жатуын сұраған. 

«Сол сәтте медицина қызметкері арқама массаж жасап, кейін ұятты жерлеріме қол тигізді. Бұл анайы әрекетіне қарсылық білдіргеннен кейін, фельдшер тізерлеп кешірім сұрап, мені тоқтатуға тырысты.  Кейін полиция шақыру үшін телефонын алмақ болғанымда, ол  оны тартып алды», - дейді жәбірленуші.

Оның айтуынша, кейін пәтерден шығып кетуге тырысқанда фельдшер оны жібермеуге әрекеттенген. Дегенмен ол кіреберіске жүрігіп шыққанда көршілері айқайдан сыртқа шығып, қыз құтылып кеткен. Қазіргі уақытта осы оқиға бойынша бойжеткен полицияға арыз бергенін жазады.

Осы оқиғадан кейін Алматы қаласы Полиция департаменті тексеру басталғанын хабарлады.

Полицияның мәліметінше, жарияланған ақпарат бойынша Жетісу аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қатысы бар адамдардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

«Мұндай фактілер азаматтардың құқығы мен жеке қауіпсіздігіне қатысты болғандықтан ерекше бақылауда», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Ал Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем қызметі әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

Мекеме мәліметінше, оқиғаға байланысты ішкі қызметтік тексеру өткен және ол тексеру фельдшерге тағылған айыптарды растамаған. Жедел жәрдем қызметінің хабарлауынша, медицина қызметкері пациентке барлық көмекті бекітілген медициналық хаттамаларға сәйкес көрсеткен. Сондай-ақ оған ауруханаға жату ұсынылғанымен, пациент бас тартқан.

Қызмет өкілдері ЭКГ жүрек патологиясын жоққа шығару мақсатында жасалғанын айтады. Кейін шақырту бойынша ақпарат емханаға жолданған.

Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметі фельдшердің өзі де сол жерде полиция шақырып, ар-намысы мен беделін қорғау үшін құқық қорғау органдарына арыз түсіргенін хабарлады.

«Медицина қызметкері жедел жәрдем саласында алты жылдан астам уақыт еңбек етеді. Бұған дейін оның үстінен пациенттерден шағым түспеген. Ол отбасылы және кішкентай бала тәрбиелеп отыр», - деп жауап берді бізге Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем қызметі.

Қазіргі уақытта екі тарап та құқық қорғау органдарына жүгінген. Оқиғаның нақты мән-жайын полиция тексеруі анықтайды.