Еліміздегі жастар санатының жасы 29-дан 35-ке дейін көтерілмек
Бұл өзгеріс 30-дан асқан жұмыссыз жүрген жастардың еңбекпен қамтылуына мүмкіндік бермек

Ұлттық статистика бюросының қорытындысы бойынша 2022 жылдың екінші тоқсатынындағы мәліметіне сай еліміздегі жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайызды (68 547 адам) құраған. Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсынған заң жобасында жұмыссыз жастарды «Жастар жасақтары» бағдарламасы арқылы жұмыспен қамту көзделген.
Мәжілістің жалпы отырында Жастар саясатына қатысты заң жобасын талқылау кезінде Ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі аталған бағыт бойынша жұмыссыз жастар қоғамдық қызметтің қай салаларында еңбек ететінін айтты.
«Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою үшін «Жастар еңбек жасақтары» ұсынылып отыр. Бұл ретте 5 бағыт қарастырылған. Оның ішінде, скверлер, көшелер, аулаларды тазалау, сонымен қатар парктерде жұмыс істеу, яғни жастарға ыңғайлы жеңіл жұмыстар. Олардың денсаулығына зиян тигізетін ауыр жұмыстар қарастырылмайды. Еліміздің заңнамасында көрсетілген 15 пен 29 жас арасындағы жастар тартылады. Олардың жалақысы, жұмыс тәртібі барлығы заңнамада көрсетілген. Енді заң жобасы қабылданған жағдайда жастар санатының жасы 29-дан 35-ке шығады», - деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, бұл өзгеріс 30-дан асқан жұмыссыз жүрген жастардың еңбекпен қамтылуына мүмкіндік береді.