Еліміздегі шалғай ауылдарға интернет SpaceX және OneWeb спутник желілерімен тартылады
Бүгінде 3 мыңнан астам шалғай ауыл тұрғындары сапалы интернетке қол жеткізе алмай отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумына қатысу барысында Қазақстан аумағын интернетпен қамту мәселесіне айрықша тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қасым-Жомарт Тоқаев 3 мыңнан астам шалғайдағы ауыл тұрғындары сапалы интернетке қол жеткізе алмай отырғанын айтты.
«Цифрлық даму министрлігі ең шалғай ауылдарды SpaceX және OneWeb төмен орбиталық спутниктік жүйелер желілерімен қамту жұмысын жандандыруы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол АҚШ-тағы IT алпауыттарының басшыларымен қалай кездескені туралы әңгімеледі. Жақында олар Қазақстанда өз өкілдіктерін ашуы мүмкін.
«Біз қазақстандық нарыққа Microsoft Azure, Amazon Web Services, Google Cloud сияқты бұлтты есептеулердің ірі ойыншыларын белсенді түрде тартамыз. Халықтың 40 пайызға жуығы ауылдық жерде тұратын еліміз үшін барлық азаматтарды қолжетімді және сапалы интернетпен қамтамасыз ету өзекті мәселе саналады. Бұл ретте бізде резерв те бар. Үкімет 100 пайыз интернетпен қамтылғаны туралы есеп беріп жатыр. Бірақ азаматтардың шағымына қарасақ, олай емес», - деді Президент.