Түркістан облысының 57 жастағы тұрғыны алғаш рет төлқұжат алды
Елімізде құжаты немесе азаматтығы жоқ тұлғаларды анықтау мақсатында акция өткізіліп жатыр
Түркістан облысының 57 жастағы тұрғыны алғашқы төлқұжатын алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттарын рәсімдеу немесе азаматтығы жоқ тұлғаларды куәландыру үшін мәртебесі реттелмеген адамдарды анықтау мақсатында акция өткізілуде. Осы ретте Төлеби АПБ-ның көші-қон қызметі полицейлері ҚР жеке куәлігі жоқ азаматтарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде төлебилік полицейлер төлқұжаты жоқ тұрғынды анықтаған. Яғни, 57 жастағы Фазлиддин Таштемиров есімді азамат осы уақытқа дейін отбасындағы кейбір себептерге байланысты төлқұжатсыз жүрген. Бұл бойынша тәртіп сақшылары Фазлиддиннің мұрағаттағы іс құжаттарын толықтай жинады. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынға ҚР азаматы екенін анықтайтын төлқұжатын табыстады.
«Мен Фазлиддин, Төлеби ауданының тұрғынымын. Қазақстан азаматы екенімді анықтайтын төлқұжатты белгілі бір себептермен ала алмаған едім. Көші-қон полицейлері менің алғашқы төлқұжатымды жасап берді. Алғысымды айтамын, көп рақмет», – деді ол.