$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жыл басынан бері 97 мың ресейлікке ЖСН берілді

ХҚКО-ларда ЖСН ресімдеу үшін жұмыс орындарының саны артты

Жыл басынан бері 97 мың ресейлікке ЖСН берілді
Фото: ашық дереккөзден

Елімізге ағылып келген ресейліктер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезектерде тұр. Осыған орай Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі БАҚ өкілдерімен кездесіп, елдегі ахуалға қатысты мәліметтермен бөлісті.

Ресейліктердің ХҚКО-ға келудегі басты мақсаты – ЖСН алу. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН беру қызметі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және шет елдердегі мекемелер арқылы көрсетіледі.

«ЖСН 1 жұмыс күні ішінде дайындалады, бейрезиденттің қолында паспорт болуы қажет, оның өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат қажет. Қазіргі уақытта ЖСН алу үшін ресейліктердің ағыны Астана мен Алматыда және шекаралас қалаларда көп байқалады. Кеше ғана еліміз бойынша 13 мыңнан астам өтінім қабылданды. Шамамен осындай мөлшерді біз бір ай бойы қабылдайтынбыз», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

Спикердің айтуынша, шетел азаматтарына қызмет көрсету үшін Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Ақмола облыстарында ХҚКО-ларды күшейтуді туралы шешім қабылданды.

Еліміздің бірқатар өңіріндегі ХҚКО-ларда ЖСН ресімдеу үшін жұмыс орындарының саны 108-ге көбейтілді.

«Бұл ретте, ҚР азаматтары бұрынғыдай өз қызметтерін әдеттегі режимде алатынын атап өткім келеді. ҚР азаматтары үшін кезекті алдын ала брондау мүмкіндігі сақталып отыр, оны «Мобильді ХҚКО», eGov mobile қосымшалары, EgovKzBot2.0 Телеграм-боты, eGov порталы арқылы және бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірі бойынша жасауға болады. Қабылданған шаралар қазақстандықтар мен шетел азаматтарына штаттық режимде қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұдан басқа, 2021 жылғы желтоқсаннан бастап біздің шет елдердегі мекемелерде ЖСН және ЭЦҚ беру бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді ол.

Сонымен қатар, бүгінде бейрезиденттер үшін онлайн брондау мүмкіндігін шығару жоспарлануда, бұл ХҚКО-ға баруды жоспарлауға және жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кететін жайт, жыл басынан бері бейрезиденттер тарапынан ЖСН алғуа 320 мыңнан өтініш түскен. Оның ішінде 97 мыңы ресейлік азаматтар.

Серіктес жаңалықтары