Алматыда терроризмнен қорғалмаған нысан иелеріне 33 млн теңге айыппұл салынды
Алматыда лаңкестікке қатысты осал мың жарымнан астам нысан бар
Алматыда терроризмге қарсы қорғалуы тиіс нысандардың жартысы талапқа сай емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қалада бүгінгі күні 1500 ғимарат лаңкестікке қарсы қорғалатын нысан ретінде танылған. Олардың қатарында халық көп жиналатын, аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық және қауіпті өндірістік нысандар бар. Алматы қалалық Экстремизмге қарсы күрес басқармасы белгіленген орындардың 90 пайызында тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, террористік тұрғыдан осал нысандардың жартысына жуығы қауіптің алдын алуға дайын болмай шыққан.
«600-ден астам нысанның басшыларына терроризмнен қорғаудың белгіленген талаптарының бұзылуын жою туралы тапсырма берілді. ҚР ӘҚбК-нің 149 және 462-бабына сәйкес, 101 нысанның басшыларына қатысты әкімшілік материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді. Нәтижесінде 99 меншік иесіне 33 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды», - деп хабарлады Алматы қалалық ПД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.
ҚР «Терроризмге қарсы iс-қимыл туралы» заңының 103 бабына сәйкес, террористік тұрғыдан осал нысандардың меншік иелері, басшылары немесе өзге де лауазымды адамдары іс-шараларды бес талап бойынша жүзеге асыруға міндетті. Яғни, ғимаратты заманға сай инженерлік-техникалық күзет жабдықтарымен, бейнекамералармен қамтамасыз етуі тиіс. Өткізу пунктерін орналастырып, өздеріне сеніп тапсырылған объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы паспортын әзірлеуге міндетті. Бұдан бөлек қызметкерлермен профилактикалық оқу-жаттығу жұмыстарын өткізіп тұруы қажет.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы