Ақмола облысында «Көкшетау» тауы өртеніп жатыр
Өрт сөндіруге Қазавиақұтқару тікұшағы тартылды

Ақмола облысында «Көкшетау» тауы өртеніп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«25 қыркүйек күні таңертең жедел кезекшінің пультіне «Бурабай» МҰТП аумағындағы «Көкшетау» тауында шамамен 800 метр биіктікте түтіннің көрінгені туралы хабарлама келіп түсті. Нақтыланған мәліметтер бойынша өсімдіктер өртенген. Ауданы мен себептері белгіленіп жатыр»,- делінген ҚР ТЖМ баспасөз қызметі тартақан хабарламада.
Ақмола облысы ТЖД 158 қызметкері және Бурабай МҰТП 70 қызметкері өрт сөндіруге жұмылдырылды.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар министрінің тапсырмасы бойынша тұтануды жедел жою үшін Қазавиақұтқару тікұшағы тартылды, ол да жану орнына бет алды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше таулардағы орман өрттерімен күресу үшін жер қазу және топырақ өңдеу техникасын қолдану шектелген, ал тасты топырақтарда оған мүлдем жол берілмейді. Мұнда автоцистерналар мен өрт сөндіру мотопомпаларын пайдалану да мүмкін емес.
Сондықтан қазіргі уақытта жеке құрам өртті сөндіру үшін аспалы бүріккіштерді, сондай - ақ қол құралдарын - күректер, кетпендер және тырмаларды қолданады.Тұтанудың көлденең беткейден тік беткейге ауысуы кезінде жану жылдамдығы да артуы мүмкін, бұл өртті сөндірушілер үшін қауіпті.