«Шектеу қоя алмаймыз»: Мәулен Әшімбаев ресейліктердің Қазақстанға келуі жайында
Спикер елімізде тұруға рұқсат беру мәселесі заңмен реттелетінін айтты
Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев «Қазақстан ресейліктердің елге жаппай кіруіне тосқауыл қоя ма?» сауалға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап берген спикер Қазақстанның ресейліктердің елге келуіне шектеу қоюды жоспарлап отырмағанын айтты.
«Ресейліктер елімізге келіп тұруға рұқсат сұрай алады. Егер олар бізге келіп, содан кейін жеке шаруасымен қайта кеткісі келсе немесе елімізде біраз уақыт қалғысы келсе, біз оларға ешқандай шектеу қоя алмаймыз», - деді Мәулен Әшімбаев.
Спикер сондай-ақ елімізде тұруға рұқсат беру мәселесі де заңмен реттелетінін айтты.
«Тұрғылықты тұру туралы ықтиярхатқа келсек, бұл мәселені реттейтін тиісті заңдар бар. Егер азамат Қазақстанның мемлекеттік органдарына келіп, тұруға ықтиярхат сұраса, онда дайындауы тиіс құжаттар тізімі бар. Сол құжаттардың ішінде адамның өзі келген мемлекетінен алған рұқсат қағазы болуы керек деген тармақ бар. Біздің заңдарымызда ондай тармақ анық көрсетілген. Егер мемлекеті өз азаматына кетуге рұқсат бермесе және ол азамат кетіп қалған болса, Қазақстан тарапы оған тұруға ықтиярхат бере алмайды. Рұқсат қағазы дегеніміз – сол елден кету парағы, онда тиісті түрде қойылған қол мен мөр болуы тиіс», - деді М. Әшімбаев.
Тақырыпқа орай: «Ресейдегі мобилизация – үлкен соғыстың басы»: Ауған соғысының ардагері көрші елдегі жағдайдың Қазақстанға әсері туралы
Оның айтуынша, адамға саяси баспана беру, босқын деп тану - мүлдем басқа мәселе.
«Ондай мәселе халықаралық келісіммен, БҰҰ құжаттарымен реттеледі. Бұл мүлдем басқа мәселе. Қазір ол туралы әңгіме болып жатқан жоқ», - деді ол.
Еске салайық, кеше РФ президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялаған болатын. Оған қарсы болған кей ресейліктер билікке наразылық танытқан.