Ресейде ішінара мобилизацияға қарсы шыққан 1400-ден астам адам ұсталды
22 қыркүйекте түнгі сағат 01.30-дағы мәлімет бойынша Ресейдің 38 қаласында ереуіл өткен
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин елде ішінара әскерге жұмылдыру басталатыны туралы жарлыққа қол қойған соң, халық жаппай ереуілге шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ВВС агенттігінің жазуынша, 22 қыркүйекте түнгі сағат 01.30-дағы мәліметке сай, Ресейдің 38 қаласында ереуілге шыққан 1400-ден астам адамды полиция ұстап әкеткен.
Қазір түрмеде отырған оппозиционер Алексей Навальныйдың жақтастары мен соғысқа қарсы көзқарас танытқан қозғалыстардың өкілдері жаппай жұмылдыруға наразылық танытып, елді ереуілге шақырған. Соғысқа қарсы өткен бұған дейінгі митингтерге қарағанда, бұл жолғы жаппай наразылық акцияларына адам әлдеқайда аз қатысқан, соған қарамастан, полиция оларды аямай қолға түсіре бастаған.
Ел астанасы Мәскеудің прокуратурасы жаппай наразылық акциясына қатысу заңға қайшы әрекет екенін ескертіп, алаңға шығуға үгіттегендер мен шыққан азаматтар 15 тәулікке дейін қамалатынын мәлім еткен.
Тақырыпқа орай: Ресейде ішінара мобилизациялау: Мәскеуден Алматыға дейінгі әуе билеттері әп-сәтте таусылды
Естеріңізге сала кетейік, кеше, 21 қыркүйек күні РФ президенті Владимир Путин елде ішінара жұмылдыру науқаны басталатынын хабарлаған болатын. Жарлыққа қол қойылған соң Ресейдің қалаларынан алыс-жақын шетелге ұшатын әуе билеттері әп-сәтте сатылып кеткені анықталды.
РЕСЕЙДІ ЕШКІМ ҚОРҚЫТҚАН ЖОҚ, ӨЗІНЕН БАСҚА КОНФЛИКТ ІЗДЕП ОТЫРҒАН ЕЛ ЖОҚ – БАЙДЕН
Әлем көшбасшылары Владимир Путиннің саясатын одан әрі сынап жатыр.
«Америка дауысы» интернет-ресрсының жазуынша, АҚШ президенті Джо Байден БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясында Ресейдің өзінен басқа бұл елге ешкім қауіп төндіріп отырған жоқ деген пікірін айтты.
Байденнің айтуынша, дәл қазір Ресей Украинаға баса-көктеп кіріп, әлемді ядролық қарумен қорқытып, сол арқылы БҰҰ мүше елдердің қағидатын бұзып отыр.
«Ресейдің өзінен басқа қақтығыс іздеп отырған ел жоқ. Ресейді ешкім қорқытқан жоқ», - деп мәлім етті Джо Байден.