$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ресейдегі мобилизация – үлкен соғыстың басы»: Ауған соғысының ардагері көрші елдегі жағдайдың Қазақстанға әсері туралы

Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизациялау туралы мәлімдеп, жарлыққа қол қойды

«Ресейдегі мобилизация – үлкен соғыстың басы»: Ауған соғысының ардагері көрші елдегі жағдайдың Қазақстанға әсері туралы
Фото ашық дереккөзден

Ауған соғысының ардагері Қайрат Елубаевтың айтуынша Ресей президенті мобилизацияны амалсыздан жасап отыр. Алайда мұның соңы Қазақстанға жақсылық әкелмеуі мүмкін деген ойын жасырып қалмады. Azattyq Ruhy тілшісіне берген пікірінде ішкі миграция мен шекара қызметінде шұғыл өзгерістер қажет екенін алға тартты.

«Ресей жағынан көп шығын болып жатыр. Олардың орнын толтыру керек. Әскерінің күші жетпей жатыр. Бірақ Ресей азаматтарының да көздері ашылып жатыр ғой. Олар соғысқа барғысы келмейді. Бүгін тағы да президенттің шекараларды жабу қажет деген бұйрығы түсіпті. Мұны Ауған соғысында болған майдандасым айтты. Меніңше, бұл Қазақстан үшін өте қауіпті. Өйткені, Ресей Украинаны басып алса, бізге де көз тігуі мүмкін. Біздің екі мемлекетке де о бастан көзқарасымыз түзу», - деді Ауған соғысының ардагері Қайрат Елубаев.

Оның айтуынша, мобилизацияны бір ел екінші елге соғыс ашқанда ғана жариялайды.

«Енді бұл қақтығысты әскери операция деп айтуға болмайды. Бұл - кәдімгі соғыс. Оның арты бүкіл әлемге қауіп төндіреді.

Ал шекарадан Ресей тарапы өздері өтуге шектеу қойса, Қазақстанға жаппай көрші елдің азаматтары келеді деп ойлаймын. Бірақ заңсыз шекарадан өтуге әрекеттенетіндер де болуы мүмкін. Сондықтан ең үлкен шекара аймағымыз Ресеймен болғандықтан, Қазақстан күзетті кем дегенде екі ай күшейтуі керек.

Заң бойынша біз еркін өтетін азаматтарға тосқауыл қоя алмаймыз. Ішкі миграцияға қатысты заңдарды жедел түрде өзгерту керек. Басқа елден келген азаматтарға банк шотын ашу, ЖСН беруді тоқтату керек. Ақпаннан бері көрші елдің азаматтарының саны артып кеткен анық», - деді Қайрат Елубаев.

Сарапшының айтуынша Украина елінің ер-азаматтары Қазақстанға келмейді.

«Бізге Украинадан тек балалар мен әйелдер келуі мүмкін. Ер азаматтарының рухы көтеріліп тұр. Олар кері шегінбейді. Ал Ресейден келетіндер болуы мүмкін. Олар 90 күн елімізде еркін жүре алады. Бұл заң өзгермей, біз ешқандай шектеу қоя алмаймыз», - деді ол.

Ал Украинадағы қақтығысқа қарсы ресейліктер халықаралық деңгейде кімнен, қайдан көмек сұрай алады деген сауалға сарапшы былай деп жауап берді:

«Қазір Ресейдегі 18-50 жас аралығындағы азаматтардың ешқандай құқықтары қалмады. Өйткені, мобилизациядан бас тартқан азаматтарды жауапқа тартады. Яғни, 10-15 жылға дейін түрмеге жабуы мүмкін.

Украинамен қазір соғысу оңай емес. Ол елге техникалық жағынан көп көмек көрсетіліп жатыр. Сондықтан Ресей халықтарының өзі Президенттің жарлығына қарсы шығуы әбден мүмкін», - деп түйіндеді сөзін қоғам қайраткері Қайрат Елубаев.

Айта кетейік, кеше Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизациялау туралы мәлімдеп, жарлыққа қол қойған болатын. Осыдан кейін ішінара мобилизацияға қарсы шыққан 1400-ден астам адам ұсталғаны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары