«AMANAT»-тың мобильді қоғамдық қабылдаулары 900 ауылды аралады
Жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдауларына 104,4 мың адам жүгінді
Биылғы наурыздан бері «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің мүшелері 900 шалғай ауылдық елді мекенде болды. 6,6 мыңнан астам адам қандай да бір мәселеге назар аударып қана қоймай, кәсіби мамандардан ақыл-кеңес алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT»-тың кезектен тыс ХХІІ Съезінде партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы керек екенін айтқан болатын.
«AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жетекшісі Әлия Садырбаеваның айтуынша, мобильдік қабылдаулардың сапары халықпен жедел кері байланыс орнату мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, ауылдық жерлердегі өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырады.
«Ауыл тұрғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына әрдайым келе бермейді және оларға мәселені облыстық мәслихаттағы партия фракциясының депутаттарына жеткізу оңай емес. Біз тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күтіп отырмай, оларға өзіміз барамыз. Осы жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл қадам шалғай ауылдардың мәселелерін назарға алып, сол бойынша жүйелі шешімдер қабылдау үшін ақпаратты талдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.
Ауыл тұрғындары көбінесе су, газ, электрмен жабдықтау, байланыс сапасы мәселелерімен, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарын және автомобиль жолдарын жөндеу туралы өтініштермен жүгінеді. Шешім қабылдаудың тиімділігі орталық және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелеріне қатысуын қамтамасыз етеді.
Жыл басынан бері «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларына 104,4 мың адам жүгінді. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 29%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 17%, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу – 10% мәселелері толғандырады. Мемлекеттік органдардың басшылары мен әртүрлі деңгейдегі депутаттар 21 мыңға жуық қабылдау өткізіп, соның барысында 50 мыңнан астам адам қабылданды.
Еске сала кетейік, қазақстандықтар өздерін мазалаған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады: call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін); whatsАpp: 8 700 800 4441; e-mail: komek@amanatpartiasy.kz. Қабылдауға жазылу қабылдау өткізілетін күнге дейінгі кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады.