Түркістан облысында 90 тоннаға жуық шөп жанып кетті
Зардап шеккен ферма иелері өрт қасақана жасалған деп есептейді
Түркістан облысында ірі өрт оқиғасы болды. Қыркүйектің 17-сінен 18-іне қараған түні Түлкібас ауданы, Тастұмсық ауылында екі шаруа қожалығының ғимаратын өрт шарпыған. Екі ауыл шаруашылығы қожалығының ғимараты бес сағатқа жуық өртенген. Салдарынан 37 миллион теңге тұратын 90 тоннаға жуық шөп жанып кетті. Бұл туралы Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Абырой болғанда қызыл жалын үй жануарларын ұстайтан ғимараттарға жетіп үлгермеген. Зардап шеккен ферма иелері өрт қасақана жасалған деп есептейді.
«Бүгін, 18 қыркүйек таңғы сағат 3-4-те менің де, көршімнің де фермасы өртенді. Екі ферма мүлде екі жақта өртеніп жатыр. Біз біреулер ғимараттарды әдейі өртеп жіберген деп ойлаймыз», - дейді зардап шегуші.
Мамандар түн ортасында тұтанған өртті тек таңғы сағат 8-дер шамасында ғана сөндіре алған. Жалынды сөндіруге 23 өрт сөндіруші, 4 техника және үш полиция қызметкері жұмылдырылды.
Айта кетейік, жауапты мамандар өрттің қасақана қойылғанынын жоққа шығармайды.
«18 қыркүйекте түнгі сағат 03:10 минутта Түлкібас ауданындағы №2 мамандандырылған ӨСБ-де Тастұмсық ауылында қора жанып жатыр деген қоңырау түсті. 9 адамнан тұратын жеке құрам оқиға орнына 03:29 минутта жеткен. 2 қораның жанып жатқаны анықталды. біреуі жер көлемі 400 шаршы метрді құраса, екіншісі 540 шаршы метр аумақты алып жатыр. Өрт 05:08-де оқшауланды», - деді Түлкібас ауданы ТЖБ өрт сөндіру бөлімінің бастығы Арман Сапарбеков.
Түркістан облысының полиция департаменті қазіргі таңда тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Іс бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру бабы бойынша тіркелген.
«Түлкібас аудандағы ауылдардың біріне жақын жерде орналасқан шаруашылықта өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Тексеру барысында 18 қыркүйек күні таңғы сағат үштің шамасында белгісіз жағдайда жергілікті тұрғындардың шаруа қожалығында өрт шығып, шөп қоры сақталған екі қора жанып кеткені анықталды. Оқиға орнына Түлкібас АПБ-нің 10-нан астам қызметкері, өрт сөндірушілер мен прокуратура өкілдері келді. Қазіргі уақытта Түлкібас аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», - деді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлнәр Әбдужаппарова.
ТЖБ мәліметіне сәйкес оқиға барысында зардап шеккендер болған жоқ.