СҚО-да жүзге тарта ауылды су басуы мүмкін

Жауапты мекемелер табиғи апатқа дайындалып жатыр  

Солтүстік Қазақстан облысының 100-ге тарта ауылына көктемгі су тасқынының қаупі төніп тұр. Бүгінгі күні жауапты мекемелер табиғи апатқа дайындық үстінде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Синоптиктердің жасаған болжамына сәйкес, ақпан-наурыз айларында жауын шашын мөлшері әдеттегі нормадан көп болады. Оған қоса ауа райы бірде жылып, бірде суып құбылмалы мінез танытпақ. Бұл табиғи апат қаупін күшейте түседі. Мамандар су тасқынының ықтималдығы жоғары аймақтарда тұрған ауылдардың тізімін жасады. Оған сәйкес 92 ауылға қауіп төніп тұр. 

«Наурыз айында да күн құбылмалы болмақ.  Бірінші онкүндік жауын-шашынды болады. Екінші онкүндікте ауа райы жылынып, соңы аязды күндерге ұласады. Наурыз айының ортасынан бастап қар күрт еруі мүмкін. Биыл Ғ.Мүсірепов, Айыртау аудандарында қар көп түсті. Сол аудандарды басты назарда ұстаймыз», - дейді «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚОФ директорының орынбасары Наталья Левина.

Тосыннан келген суға облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандарының күші жетпеуі мүмкін. Қажет болған жағдайда көмекке Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылмақшы. Қазіргі таңда құтқарушылар курсанттарға сабақ өткізуде. Төтенше жағдайда дұрыс әрекет ету жолын көрнекі түрде көрсетіп жатыр. Әскерилер адамдарды қауіпті аймақтардан алып шығу, тасқын судың арнасына бөгет қою сынды шараларды меңгеруде.

«Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент апта сайын күш-құрылымдарының даярлығын пысықтап тұрады. Бүгін 66/37 әскери бөлімінде оқыту-жаттығу жиынын өткізудеміз. Сарбаздар қаптарға құм салып, тұрғындарды эвакуациялау кезінде бізге айтарлықтай көмек көрсете алады», - дейді СҚО ТЖД бөлім бастығы Мұрат Қанғожинов.

Жалпы көктемдегі қарбаласқа Ұлттық ұлан қатарынан 60 сарбаз тартыламақшы.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

 

Тегтер:
Сұхбат
Түркиядағы қазақ журналисі шетел асқысы келетін жастарға кеңесін айтты
Нұр-Сұлтандық полиглоттың тіл үйретудегі құпиясы
«Сергек» қожайыны жоба туралы бар шындықты айтты