Солтүстік Қазақстанда алкоголь өнімдерін өндіретін жасырын цех анықталды
Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Петропавл қаласында алкоголь өнімдерін өндіру бойынша жасырын цех қызметінің жолын кесті. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Агенттіктің мәліметінше, жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қаланың өнеркәсіптік аймағы аумағында үй-жай анықталып, жойылды. Онда облыстың сауда орындары арқылы сату үшін антисанитариялық жағдайда суррогат спирт дайындалған.
Тексеру барысында көлемі 16 мың литрден астам пластикалық ыдыстарға құйылған спирт және құрамында спирт бар сұйықтық, сондай-ақ суррогат спиртін пластикалық ыдыстарға құюға арналған құрылғылар алынды.
Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.