Каспий жағалауындағы қамыс өрті «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағын шарпыды
Қазір өрт аумағы 60 гектарға жеткен
Каспий жағалауындағы қамыс өрті «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағын шарпыды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, қазір өрт аумағы 60 гектарға жеткен.
«Атырау қаласына таяу орналасқан Кеңөзек ауылдық округіне қарайтын Тасқала ауылынан Каспий теңізіне қарай 40 шақырым қашықта қамыс өртеніп жатыр. Бұл – Каспий теңізінің жағалауы. 20 қыркүйек, кешкі сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, жалын шарпыған жағалау аумағы ұлғайып, 60 гектарға жетті. Ал сағат 19:40 шамасында от «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына өтті. Теңіз жағалауында жел оңтүстік-шығыстан соғып тұр. Екпіні – 5-7 метр/секунд. Ауа температурасы +30С шамасында. Өрт аумағында мобильді және радио байланыстың жоқтығы қиындық тудырып отыр», -делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 31 қызметкер, 10 техника, 1 су көлігі, «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 20 жұмысшы мен 5 техника, жергілікті атқарушы органдардан 3 адам, 3 техника, өзге мекемелерден 15 адам, 2 техника тартылған.
«Қазір төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды. 21 қыркүйек, таңғы сағат 07:00-де қамыс өртін әуеден сөндіру жұмыстарына «ҚазАвиаСпас» АҚ-ның МИ-8 тікұшағын жұмылдыру жоспарланып отыр», - деп мәлім етті департаменттен.