Бағаны қымбаттатып жіберген «Яндекс Такси» қызметіне қатысты тергеу жүріп жатыр
Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлім етті
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Яндекс Такси.Корп» ЖШС-іне қатысты бәсекелестікті қорғау аясында тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Нақтырақ айтқанда, тексеріс Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 1) тармақшасында тыйым салынған, яғни монополиялық жоғары бағаны белгілеуі бойынша жүріп жатыр.
«Кодекстің 175-бабының 1-тармағына сәйкес, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген баға, егер бұл баға осындай тауарды өндіру және өткізу үшін қажетті шығыстар мен пайда сомасынан және тиісті немесе салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағадан асып кетсе, тауардың монополиялық жоғары бағасы болып есептеледі», - делінген агенттік хабарламасында.
Жоғарыда көрсетілген тергеулердің нәтижесі туралы қосымша хабарланатын болады.
Сонымен қатар осы жылдың басынан бастап департаменттің атына серіктестікке қатысты такси қызметтеріне жоғары баға қою мәселелері бойынша 6 өтініш келіп түскен.