«Гүлдер әлемі»: Ақтөбеде ерекше фестиваль өтті

Azattyq Rýhy

Аталған іс-шараға қатысуға барлығы 156 өтініш келіп түскен

«Гүлдер әлемі»: Ақтөбеде ерекше фестиваль өтті

Ақтөбе қаласында «Гүлдер әлемі» атауымен арнайы фестиваль өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Аталған фестивальге қаладағы кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, оқу орындары, балабақшалар мен мектептен тыс ұйымдардың ұжымдары, сондай-ақ гүл өсіруші тұрғындар қатысты. Ерекше іс-шараға қатысуға барлығы 156 өтініш келіп түскен.

Ақтөбе облысының 90 жылдық мерейтойын насихаттау мақсатында өткен фестивальдің ашылуына аймақ басшысы Ералы Тоғжанов қатысып, мұндай тәрбиелік маңызы зор шараларды жиі өткізу керек екенін баса айтты.

«Табиғатты аялап, туған жерді түлетуге, қоршаған ортаның көркемдігін көруге баулитын мұндай танымдық шараларды тұрғындардың қатысуымен кең көлемде өткізу үрдіске айналуы керек. Гүл өсірумен, көгалдандырумен айналысатын мамандарды тарту арқылы қаланы абаттандыруға, өзіндік сәндік сәулетін қалыптастыруға болады», - деді Ералы Тоғжанов.

Ол сондай-ақ жауапты сала өкілдеріне қала келбетін көркейту бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Қаладағы танымал гүл салондары ғана емес, бау-бақша баптайтын бағбандарды да ұмыт қалдырмаған фестиваль соңында ең үздік гүл өсірушілер 9 номинация бойынша марапатталды.

Қала тұрғындары көрме-жәрмеңкеден көңілі қалаған гүлдерді, шай мен балдың түрлі сұрыптарын, көпжылдық көшеттерді, басқа да бақша өнімдерін сатып алуға мүмкіндік алды. Шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.