«Режиссері мен, сценарийін де өзім жазамын». Мас павлодарлық жол ортасында әлеуметтік жоба жүргізген
Қоғамдық тәртіпті бұзған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды
Павлодарда ішімдік ішкен қала тұрғыны жолға шығып алып, апаттық жағдай тудырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонына Н.Назарбаев даңғылы мен Академик Шөкин көшесінің қиылысында көлік ағынының арасында ер адамның жағаласып жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Көрсетілген орынға шыққан, автопатруль жолдың ортасында апаттық жағдай тудырып, әрі-бері сандалып жүрген қала тұрғынын көрген.
«Полиция ер адамның удай мас екенін анықтады. Полицейлерді көріп, ол өзінің блогер екенін, әлеуметтік жобаны жүргізіп жүргенін және оның мінез-құлқы мен жағдайы жобаның ажырамас бөлігі екенін мақтанышпен айтты. Алайда жас жігіт өз жобасының мақсаты мен тақырыбын түсіндіре алмады», - деп көрсетті Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ішімдік ішкен азамат Павлодар қаласының уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді.
Аталған факті бойынша материал учаскелік полиция инспекторына тапсырылады.