$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Петропавлда көпқабатты үй тұрғындары қыста жылусыз қалуы мүмкін

Мердігер құжаттарды рәсімдеп, пәтерлерді сатқанымен, құрылыс жұмыстарын толық аяқтамаған

Петропавлда көпқабатты үй тұрғындары қыста жылусыз қалуы мүмкін

Петропавлда көпқабатты үй тұрғындары қыста жылусыз қалуы мүмкін. Жарты жыл бұрын тапсырылған нысанда әлі күнге ыстық су жоқ. Мердігер құжаттарды рәсімдеп, пәтерлерді сатқанымен, құрылыс жұмыстарын толық аяқтамаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«ШЫҒЫНДЫ КІМ ӨТЕЙДІ?»

Бейбітшілік көшесінде орналасқан 5 қабатты үйде 15 пәтер бар. Көпшілік құрылыс компаниясы директорының «ертеңіне» сеніп, жаңа баспаналарды жөндеп үлгерген.

«Құрылыс компаниясының директоры наурыз айынан бері бізді құрғақ уәдемен тойдырып келеді. Жұмыс толық аяқталмаған. Балкондар ашық, шынысыз тұр. Есік алдында қиыршық тас төселіп жатыр. Одан басқа ештеңе жоқ. Біз құрылыс компаниясы бәрін дер кезінде істейді деп сеніп, жазда пәтерімізді жөндедік, көштік. Келгелі суық суды жылытып отырмыз. Мұндайды білгенде жөндеу жұмыстарын жасамайтын едік. Қабырғалар дымданып жатыр. Егер үйде жылу болмаса, бәрі далаға кетеді. Шығынды кім өтейді?», - дейді үй тұрғыны Томирис Нұрғалиева.

Наргиз Жоламанова екі бөлмелі пәтерді 2020 жылы ипотекаға рәсімдеген. Айтуынша, құрылыс компаниясының өкілдері тұрғын үйді бір жылдың ішінде салып бітіреміз деп сендірген. Алайда, құрылыс екі жылға созылды. Тұрғындар көптен күткен баспананың кілтін жуырда ғана алған.  Оның өзі күткендегідей болмай шықты.

«Біз мамыр айында пәтер кілтін алған кезде құрылыс компаниясы жуық арада жылу құбырларын жүргіземіз деп уәде берген. Сондықтан тұрғындар өз үйлерінде ішкі жөндеу жұмыстарын қолға алды. Мен осы күнге дейін жөндеу мен жиһазға 5 миллион теңге жұмсадым. Қазір қыс түскен соң, дүниенің барлығы жарамсыз болып қалады. Бұл шығынды маған кім қайтарады? Мұндайды білгенде бұл құрылыс компаниясының маңына жоламас едім, алданып қалдық», - дейді жаңа пәтер иесі.   

«ЕСІК АЛДЫНҒЫ ҚОҚЫС ТАЗАЛАНБАЙДЫ»

Жаңа үйдің проблемасы шаш етектен. Есік алдында тау болып үйілген қоқысты тұрғындар арнайы қызмет жалдап, өздері шығартқан. Уақыт ұзамай тұрмыстық және құрылыс қалдықтары қайта жиналған. Қаланың қақ ортасындағы көрініс құзырлы органдарды да алаңдатып отырған жоқ.

«Есік алды қара топырақ болып жатты. Журналистер келетінін білде ме, мердігер кеше ғана қиыршық тас әкеліп, жайып кетті. Қоқысты бір жерге ысырып қойды. Бұған дейін оны шығару үшін өз қалтамыздан ақша жинадық. Пәтер жалдамайық деп сатып алған үйге көктемде қоныстанып, жөндеу жасадық. Жаз бойы ыстық сусыз отырдық. Құбыр тұр. Бірақ орталықтандырылған жылыту желісіне қосыла алмай отырмыз. Жуырда жылыту маусымы басталады. Оған дейін жұмыс соңына жеткізілмесе, тіпті қиынға соғады. Жаңа үй, қабырғалары толық кеппеген. Тамақ пісіргенде үйдің іші буланады. Жатқанда төсек сыр тартып тұрады. Тіпті болмағасын дүкеннен жылытқыш құрал сатып алдық. Ол да қосымша шығын. Әйтпесе, мына үйде тұру мүмкін емес. Үйде немерелер бар. Көршілердің де кішкентай балалары тоңып жүр», - дейді зейнеткер Серік Жампейісов.

Құрылыс компаниясы жылуды жуық арада қосамын дейді. Айтуынша, қаланы жылумен қамтамасыз етуші компания аталған құрылысшылардың техникалық жобасын қабылдамаған. 

«СевКазэнерго» құжаттарымызды қайтарып берді. Бірнеше ескерту жасады. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жақын күндері аталған компанияның осы мәселеге жауапты маманымен кездесемін. Проблема жақын арада шешіледі деп ойлаймын. Тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ», - дейді «Ашстрой» құрылыс компаниясының директоры Әміржан Шәкей. 

Тұрғындар бұл жауапқа қанағаттанбады. Айтуларынша, мердігер құжат рәсімдеу жұмыстарын дер кезінде орындамай, күзге дейін созып келген.

МЕМЛЕТТІК БАҒДАРЛАМА БОЙЫНША САЛЫНҒАН ҮЙЛЕРДЕ ЫСТЫҚ СУ ЖОҚ

Петропавлда ыстық сусыз отырған тағы да екі үй бар. Нақтырақ айтар болсақ, Жамбыл көшесіндегі 36 және 40-шы үйлер. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспаналар екі жыл бұрын әкімдікте баспана кезегінде тұрған азаматтарға берілген болатын. Қазір онда 200-ге тарта отбасы тұрып жатыр.

«Жаңа пәтерге көшіп келгенімізге жарты жыл болды. Әлі күнге ыстық су жоқ. Жуыну үшін су жылтамыз. Сол жағы қиын болып тұр. Бірнеше рет әкімдік өкілдерімен кездесу болды. Мәселе шешілмей келеді», - дейді үй тұрғыны Інжу Нұрсұлтанқызы.

Петропавл қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мамандарының айтуынша, коммуналдық қызметтің жоқтығына пәтер иелерінің өздері кінәлі.

«Ол үйлерге инженерлік желілер толық тартылды. Текникалық жұмыстардың барлығы 100 пайыз орындалды. Енді тұрғындар өздері жылу таратушы компания «Аксес-Энергоға» өтініш жасауы тиіс. Ол үшін оларға пәтер иелерінің ұйымын құру керек. Әкімдік өз тарапынан тиісті жұмысты атқарды», - дейді қалалық әкімдіктің ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Орталықтандырылған ыстық су жүйесінен күдер үзген тұрғындардың кейбірі үйлеріне су жылытқыш құрал орната бастаған.

Серіктес жаңалықтары