Қырғыз-тәжік шекарасында тағы атыс болды – шетел жаңалықтарына шолу
Екі ел шекарасындағы жағдай шиеленіскен сипатқа ие болып отыр
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шиеленіс қайта өршіді. 16 қыркүйектің таңы қос тарап үшін атыспен басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі AKIpress-ке сілтеме жасай отырып.
Таңғы сағат 6.00-дан бастап тәжік тарапы Қырғызстанның шекара отряды мен заставаларын миномёттің астына алған. Қырғыз-тәжік шекарасында жағдай шиеленіскен сипатқа ие.
«Сағат 06:00-де тәжік тарапы Екі-Таш, Чир-Добо, Кум, Мазар мен Орто-Боз аумақтарын, ҚР ҰҚМК шекара отрядтарын топтық қарудан атқылай бастады», - делінген Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара қызметінің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар атыс Баткен шекара отрядына қарасты Көк-Таш шекара заставасының аумағында да жалғасқан.
Қос тарапта күшейтілген режимге көшкен.
Жағдайды тұрақтандыру және қақтығыстың өршуіне жол бермеу үшін бірнеше рет екіжақты келісім болғанмен, одан нәтиже шығар емес.
ӨЗБЕК-ҚЫТАЙ АРАСЫН ЖАЛҒАЙТЫН ТЕМІРЖОЛ САЛЫНБАҚ
Өзбекстан мен Қырғызстан алдағы бірнеше жылда Қытайдан экспортталатын тауарларды енді Қазақстансыз-ақ өз елдеріне жеткізе алады әрі оны Еуропа мен Парсы шығанағына шығара алады.
Өзбекстан Республикасының Көлік министрлігі, Қырғызстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі және ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті ШЫҰ Самарқанд саммиті аясында үшжақты келісімге қол қойылды. «Өзбекстан – Қырғызстан – Қытай» теміржолының құрылысын бастамақ.
Фото: © Sputnik
Құжат Қырғыз Республикасындағы темір жол құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша барлық жұмысты 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтауды көздейді. Тараптар сондай-ақ үшжақты теміржол жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу кезінде шығындарды қаржыландыру және бөлу тәртібін белгіледі.
«Жобаны жүзеге асыру Қытайдан Өзбекстан арқылы Еуропаға және оңтүстік дәліз арқылы Парсы шығанағы елдеріне сауда мен тасымалдау географиясын кеңейтуге негіз болады», - деп хабарлады Өзбекстан Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚАДЫРОВ ПЕН ОНЫҢ ӘЙЕЛІ ТАҒЫ ДА АҚШ САНКЦИЯСЫНА ҰШЫРАДЫ
Санкциялар тізіміне Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров пен балалар омбудсмені Мария Львова-Белованы қосқанда, 44 жеке және 32 заңды тұлғаны енгізілді.
Қадыров үшінші рет АҚШ санкциясының астында қалса, Медни Кадырова бастаған оның туыстары екінші рет санкцияға ұшырады.
АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Украинаға қарсы жалғасып жатқан соғысқа жауап ретінде Ресей үкіметіндегілерге де, басқыншылықты қолдағандарға да санкция салды.
«Америка Құрама Штаттары Ресейді әскери қылмыстары мен агрессиясы үшін жауапқа тартуда шешуші шаралар қабылдауды жалғастырады», - деді АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен.
Фото: chechnyatoday.com
АҚШ-тың Қаржы министрлігі тізімге енген Ресейдің Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованың «Путиннің тікелей қарамағында жұмыс істейтіні» және Ресейдің «мыңдаған украиндық баланы Ресейге депортациялау әрекетін» үйлестіргенін мәлімдеді.
OFAC мәліметтері бойынша, Львова-Белованың күш салуымен украиндық балаларды орыс отбасылары мәжбүрлеп асырап алған, сондай-ақ украиндық балаларды (басып алынған аумақтардағы) «патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу» көшкен. Сонымен қатар Ресей заңнамасына украиндық балаларға Ресей азаматтығын беруді жеделдетуге бағытталған түзетулер енгізілген.
«Украина өз бостандығын қорғау үшін алға жылжып келе жатқанда, біз бүгін зорлық-зомбылық жасағандарды жауапқа тарту және Путинді одан әрі қаржылық оқшаулау үшін Ресейдің күш-қуатына нұқсан келтіретін қадамдар жасап жатырмыз», - деді ол.
ШАВКАТ МИРЗИЁЕВ СИ ЦЗИНЬПИНДІ ӨЗБЕКСТАННЫҢ ЕҢ ЖОҒАРЫ НАГРАДАСЫМЕН МАРАПАТТАДЫ
Шавкат Мирзиёев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге Өзбекстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Олий Даражали Дустлик» (Жоғары дәрежелі достық) орденін табыс етті.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы «Олий Даражәли Дустлик» орденімен марапатталған алғашқы шетелдік көшбасшы болды.
Салтанатты шара барысында Шавкат Мирзиеев ҚХР Төрағасының көпғасырлық достық пен жан-жақты стратегиялық әріптестік байланыстарын нығайтуға, сенім мен өзара түсіністікті тереңдетуге, халықтарымыз арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге қосқан орасан зор жеке үлесін атап өтті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді Қазақстанға сапары барысында ең жоғары мемлекеттік дәрежедегі «Алтын Қыран» орденімен марапаттаған еді.