$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қытаймен шекарада 1 млрд теңгенің ірі контрабандасы ұсталды

Тауарлардың жалпы салмағы 137 тоннаға тең

Кедендік құнын төмендету мақсатында кәсіпкерлер «киім-кешектің» орнына декларацияда «маталарды» көрсеткен. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

2022 жылдың қыркүйегінде Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Алтынкөл-Жол» кеден бекетінде кеден заңнамасын бұзды деген күдікпен 6 теміржол контейнеріне инспекциялық тексеру кешені арқылы сканерлік әдіспен кедендік тексеріп-қарау жұмысы жүргізілді.

Аталған контейнерлер Қытай Халық Республикасынан ЕАЭО елдерінің біріндегі тауар алушының мекенжайына транзит процедурасы негізінде бара жатқан.

«Кедендік тексеріп-қарау барысында аталмыш контейнерлерден ірі партиядағы контрабандалық тауарлар табылған (тері тон, джинсы, шалбар, күртеше, белдемше, пижама, әртүрлі әйелдер киімі, т.б.). Алайда тауардың көліктік-ілеспе құжаттарында кедендік-салықтық төлем құны төмен тауар «мата» көрсетілген.

Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес, жалпы салмағы 137 тоннаға тең декларацияланбаған тауардың кедендік құны 1 миллиард теңгеден асады.

ҚР Кеден кодексінің 222-бабына сәйкес кеден органдары кедендік транзит бойынша өтіп бара жатқан тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылау барысында заң бұзушылық болған жағдайда оны тоқтатып, кедендік тексеріп-қарауды жүргізуге құқылы. Себебі транзиттік декларация заңды күші бар құжат болып есептеледі», - делінген хабарламада.

Іс материалдары қылмыстық-процессуалдық шешім қабылдау үшін Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментіне жіберіледі.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Қытай #шекара