Маңғыстаулық полицейлер заңсыз бекіре балығын тәркіледі
Жүргізуші балықты заңсыз тасымалдаған
Маңғыстаулық полицейлер салмағы 24 келіден асатын бекіре балығын тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Маңғыстау ауданы Шайыр ауылы бойындағы тас жолда «Toyota Hilux» маркалы автокөлігі тоқтатылып, тексеру барысында көлік құралының артқы жағында орналасқан жүк салғыш бөлігінен қапқа оралған 5 дана «Бекіре» тұқымдас балық тәркіленді. Балық салмағы 24 келі 200 граммды құрайтыны анықталды. Тәркіленген балық «Kazakh Osseter» ЖШС мекемесінің қызметкерлеріне табысталды», - делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР ҚК 339-бабы (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Өзге мәліметтер тергеу мүддесінде жария етілмейді.