ШұғылӨткен тәулікте қанша адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

«Жергілікті билікпен соттасамыз»: заңгер Арыс құрылысына жауапты шенеуніктерді сотқа сүйремек

Қоғам белсендісі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек «инстаграмдағы» парақшасында жарылыстардан кейінгі Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына жауапты шенеуніктерді сотқа беретінін жазды

30 қыркүйекте Түркістан облысының әкімдігі «17 сектордың барлығында күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған», - деп ақпарат таратқан. Алайда, заңгер Айгүл Орынбек мұнымен келіспейді.

Автордың әлеуметтік желідегі сөзін өзгертпей беріп отырмыз:

«Арыс қаласы бойынша құрылыс жұмыстары толық бітті» - деп бүгін Шүкеев хабарлады. Арыс қаласында қаншама үйлерге, тіпті тексеріп бармағанда, оны сіздерге тікелей эфир арқылы да көрсеттім. Алдағы уақытта көрсетемін де! Арыс қаласында менің үйімде сүрілуге кеткен. Заң бәрімізге ортақ! Конституциялық мемлекетте тұрамыз! Арыс қаласының құрылысына жауапты, жоғары жақта отырған шенеуніктерден бастап, бәрін Сотқа беретінімді ашық жариялаймын! Құрылысы бітпеген, тіпті жасалмаған Арыс халқы арыздарыңызды жазыңыздар! Жергілікті билікпен соттасамыз! Заң тек қара халыққа емес! Заң бәрімізге ортақ!

Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановқа хабарласып, мән-жайды білмек болдық. Алайда, облыс басшысының орынбасары бұл мәселе бойынша ештеңе айта алмайтынын жеткізіп, баспасөз қызметіне хабарласуымызды сұрады.

«Ол кезде жөндеу жұмыстары аяқталған нысандар бойынша құрылысшылардың қайтып жатқаны жайлы айттық. Құрылыс әлі де жүріп жатыр. Өзгенің құқығын қорғап жүрген ол кісі (Айгүл Орынбек - редакция), өз құқығын да жақсы біледі деп ойлаймын», - дейді Түркістан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Мира Сүлейменова.

Облыс басшысы 30 қыркүйек күні фейсбуктегі парақшасында «Қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан бірнеше сектордың құрылысшылары жұмыстарын уақтылы аяқтап, үйлеріне қайтып жатыр. Олардың барлығында күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған» деп жазған.

Арай Есенбек