Шымкентте «Гарант 24 ломбардқа» ақша салғандар тағы шу шығарды
Іс бойынша күдікті ретінде тек төрт инкассатор ғана тергеліп жатыр
Шымкентте «Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасына ақша салғандар тағы да шу шығарды. Себебі, алданған 11 жарым мың шымкенттіктің 270-інің ісін сот бөлек қарап жатыр. Бірақ күдікті ретінде тек төрт инкассатор ғана тергеліп жатыр екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
«Ешқандай сетевик, кассирлер, менеджерлер күдікті боп танылмады. Ақша қайда, инкассаторлар отырады, олар «алдық, біреуге бердік» дейді, болды. Осы себепті біздің талабымыз неге кассирлерді күдікті етіп танымайды? Бұл жерде төрт кассир бар. Сетевигі бар, 2 сетевигі және де менеджерлері бар. Осының бәрінің біз 30-40 миллионға дейін қаражатты бонус ретінде алғанына дейін дәлелдеп, квитанциясына дейін бердік. Алайда ол орындалмады», - дейді жәбірленуші Саракүл Досмайылова.
Жиналғандар тергеушілер мен прокурорлар қаржы пирамидасына қатыстылардың ісін «жүрдім, бардым» қарады дейді. Сондықтан енді сотқа да сенімсіздік танытып отыр. Мәселен, «Гарант 24 ломбард» пен «Выгодный займ» сияқты қаржы пирамидаларына шымкенттіктердің алды 300 мың, кейбірі 58 миллион теңге құйған екен. Енді мол қаржыға кенелеміз дегендер сан соғып отыр. Тіпті бүгін әл-Фараби ауданының сотына келіп, негізгі күдіктілердің неліктен ұсталмағанын сұраған. Судья «Гарант 24 ломбард» пен өзге де қаржы пирамидаларына қатысты негізгі сот Ақтөбе қаласында өтіп жатқанын айтты. Ал өз өндірісіндегі 270 салымшыға қатысты іс бойынша төрт сотталушыдан басқа күдікті жоқ дейді.
«Жәбірленушілерден жауап алынды, сотталушылардан жауап алынды. Келесі отырысына куәгерлер шақырып жатырмыз. Енді оны заң бойынша адвокаттар, прокурорларды шақырып, қосымша өтініш берсе, басқа куәгерлерді шақырамыз. Содан кейін сот іс материалымен танысып, жарыссөзге өтеді. Енді әр жәбірленушінің өзі салымшы болған», - деді әл-Фараби ауданы сотының судьясы Сәбит Төреханов.