Павлодарда сегізінші қабаттан құлап, ауруханаға түскен 2 жасар бала көз жұмды
Бүлдіршіннің өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер барын салды
Павлодарда сегізінші қабаттан құлап кеткен бүлдіршін көз жұмды. Бұл туралы Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Екі жасар сәбидің өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер барын салды.
«Көп қабатты тұрғын үйдің 8-қабатынан құлап кеткен 2020 жылы дүниеге келген сәбидің жүрегі бүгін сағат 21.00-де тоқтады. Өкінішке қарай, оның өмірін сақтап қала алмадық», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, қайғылы жағдай М.Жүсіп көшесі, 270-үйде орын алды. Екі жасар бүлдіршіннің құлағаны туралы қоңырау 6 қыркүйек күні сағат 11:17-де түсті. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі 4 минутта жетті.
Бала Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түсті. Дереу шокқа қарсы реанимациялық іс-шаралар басталды. Алған жарақаттары өте ауыр болды.