Ақтөбеде банк менеджері 777 млн теңгеден аса қаржы жымқырған
Ол алдағы 10 жылда банк секторында қызмет атқара алмайды

Ақтөбеде банктердің бірінің менеджері 777 миллион теңгеден аса қаржы жымқырғаны үшін сотталды. Бұл туралы қалалық №2 соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
"Сот К. 01.07.2017-05.04.2021 аралығында алаяқтық жасады, яғни өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, С. АҚ банкінің ақпараттық жүйесін пайдаланушылардың сенімін пайдалану немесе алдау жолымен 777 миллион теңгеден аса сома бөтеннің мүлкін ұрлағаны анықталды", - делінген хабарламада.
Сот отырысында сотталушы келтірілген шығын мөлшерімен келіспей, өз кінәсін ішінара мойындаған. Сотталушының кінәсі сот-экономикалық сараптама, сондай-ақ қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді.
Прокурор сотталушыны 10 жыл бойы банк саласында қызмет атқару құқығынсыз 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушының кішкентай баласы бар болғандықтан, сот жазаны жеңілдеткен. Менеджер Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі, 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол алдағы 10 жылда банк секторында қызмет атқара алмайды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.