Тоқаев Тұрғымбаевқа құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды
«Бұзақылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс» делінген хабарламада
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдап, Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдайды тұрақтандыруға байланысты қабылданып жатқан шаралар жайында есебін тыңдады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
«Президент министрге облыстағы ахуалды қатаң бақылауға алып, азаматтардың қауіпсіздігіне және еліміздің абыройына нұқсан келтіретін осындай оқиғаларға жол бермеу мақсатында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды. Қоғамдық тәртіпті бұзып, кісі өліміне және дүние-мүліктің бүлінуіне әкеп соқтырған бұзақылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Президент Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы А.Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айқымбековті қызметінен алуды тапсырған еді.