Каспий жағалауындағы су қызарып кетті
Жергілікті тұрғындар бұл құбылысқа алаңдаушылық білдіріп жатыр
Каспий теңізінің Ақтау қаласы жақ жағалауындағы су қызарып кетті. Бұған дейін мұндай құбылыс «Caspian Riviera» қонақүйінің жанынан байқалған еді, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Мұндай жағдай 2018 жылы да болған. Ол кезде 1 шағынауданда орналасқан «Шағала» қонақүйінен бастап «Нұр плаза» жағажайына дейінгі аралықта теңіз суы қызыл түске боялған еді. Ал, 2017 жылы мұндай құбылыс 9А шағынауданы аумағында байқалған.
Экология департаменті су түсінің өзгеруіне балдырлардың әсер еткенін мәлімдеді. Олар бұл құбылысқа теңіз суының ластануы әсер ете алмайтынын, сондай-ақ су түсінің өзгеруі халыққа еш қауіп төндірмейтінін айтады.
Фото: sputniknews.kz
«Су түсінің өзгеруіне теңіз балдырларының гүлдеуі әсер етеді. Мұндай жағдайлар 2017, 2018 жылдары да болған. Каспий теңізінде қызыл реңк беретін 25-тен астам балдыр бар. Қаңтар айында біз қызыл суға монитринг жасадық. Қыста бұл балдырлар гүлдей бастайтындықтан, судың қызыл түсі қанық бола түседі», - дейді Маңғыстау облысы экология департаментінің зертханалық-сараптамалық бөлім басшысының міндетін артқарушы Раушан Тілепова.
Дегенмен, жергілікті тұрғындар судың қызыл түске енген теңіз суының табиғи құбылыс екеніне сенбейді. Желі қолданушылары су түсінің өзгеруіне теңізге құйылатын қалдықтар әсер етті деген пікірде. Ал, экология департаменті мұндай болжамды жоққа шығарып, су түсі қызарған жерде ешқандай өндірістік кәсіпорындар жоқ екенін мәлімдеді.