Мемлекет басшысы Бас прокурорды қабылдады
Бас прокурор Қордайдағы оқиғаға байланысты құрылған жедел тергеу тобының жұмысы жайлы баяндады
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
«Президентке Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаға байланысты құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобының жұмысы туралы баяндалды. Мемлекет басшысы Бас прокурорға тергеу жұмыстарының әділ әрі жан-жақты жүргізілуін, қабылданған барлық шешімдердің заңды болуын және кінәлілердің жазасыз қалмауын қамтамасыз етуді тапсырды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Президент Үкімет басшысы Асқар Маминді де қабылдады. Премьер министр Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларының орындалуы жайында баяндап, еліміздің 2020 жылдың қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және инвестиция тарту мәселесіне орай қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.
Сонымен қатар Президентке Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссияның жұмыстары туралы айтқан.