Қай өңірдің әкімдік қызметкерлері сыбайлас жемқорлық бойынша алдыңғы орында тұр
Жеті айда еліміз әкімдіктерінің 91 қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған
Елімізде сыбайлас жемқорлық мәселесі, оның ішінде мемлекеттік органдарда әлі де өзекті болып отыр. Биылғы қаңтар-шілдесі аралығындағы әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзған қызметкерлері туралы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, пара алушылардың басым бөлігі Түркістан облысында әшкереленген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ranking.kz порталының зерттеуінше, жеті айда елімізде әкімдіктердің 91 қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған. Бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш болып отыр.
«Мәселен, 2021 жылдың дәл осы кезеңінде 87 жемқор шенеунік қолға түскен. 2020 жылдың осы кезеңінде 11, 2019 жылы – 23, 2018 жылы 22 қызметкердің құқық бұзғаны анықталды», - делінген зерттеуде.
Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары баптары аясында әкімдік қызметкерлерінің көпшілігі мына істер бойынша жауапкершілікке тартылды:
- сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру (ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы) – 28 адам;
- пара алу (ҚР ҚК 366-бабы) – 26 адам;
- пара беру (ҚР ҚК 367-бабы) – 19 адам;
- алаяқтық (ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы) – 14 адам.
Тақырыпқа орай: Өмірзақ Шөкеев отставкаға өтініш берді
Өңірлік тұрғыда әкімдік қызметкерлерінің басым бөлігі сыбайлас жемқорлық бойынша ұсталған Түркістан облысы – 13 адам – алдыңғы орында тұр.
«Жемқорлық бойынша құқық бұзғандар саны жағынан Қызылорда облысы (11 адам) мен Шымкент қаласы (тоғыз адам) да алдыңғы орында тұр», - дейді сарапшылар.