Қазақстан Пәкістанға 400 мың доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетеді
Пәкістанда табиғи апаттан 1033 адам қаза болды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметі Пәкістан Ислам Республикасына адам өліміне әкеп соққан нөсер жаңбыр мен су тасқыны салдарын жою үшін $400 мың мөлшерінде гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл мәселе Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі комиссияның отырысында қаралды.
Ресми мәліметтер бойынша, Пәкістанда табиғи апаттан 1033 адам қаза болды, оның ішінде 343 бала, сондай-ақ тұрғын үйлер мен инфрақұрылым қирады. Шамамен 35 млн адам баспанасыз және азық-түліксіз қалды.
27 тамызда Пәкістан Премьер-Министрі Ш. Шариф халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады.
28 тамызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Президентіне су тасқыны салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты көңіл айтты.
Айта кетейік, маусым айының ортасынан бастап Пәкістанда су тасқыны салдарынан 937 адам қайтыс болды, олардың үштен бірінен көбі балалар. Табиғи апатқа байланысты ел билігі төтенше жағдай режимін жариялады.