Павлодар облысында Тәжікстанға 10 вагон жанармайды заңсыз алып өтпек болғандар ұсталды
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды
Павлодар облысында компаниялардың бірі он вагон бензинді жарылуға қарсы жанармай қоспасы түрінде Тәжікстанға алып өтпек болған. Бұл туралы облыстық экономикалық тергеу департаментінің басшысы Арман Жүнісов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
"Тексеру кезінде вагонға тиелген бензин екені анықталды. Сараптама үшін жанар-жағармайдың қосымша сынамаларын алып, тергеу амалдарын жүргізіп жатырмыз", - деді ведомство басшысы.
Ол осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Бұл соңғы уақытта тіркеліп отырған екінші контрабанда.
Бұған дейін Павлодардан Өзбекстанға 280 тонна АМ-95 бензині тиелген бес вагон-цистернаны алып өтпек болған. Бағасы 90 миллион теңгеге жуық жанар-жағармай декларацияда жарылуға қарсы жанармай қоспасы ретінде көрсетілген.