Атырауда құлыптаулы көлік ішінде бір жасар сәби қалып қойды
Бала аман-есен анасына тапсырылды
Атырауда құтқарушылар бір жасар сәбиді құлыпталған көліктен құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Атырау облысының ТЖ департаменті оқиға 25 тамызда болғанын мәлімдеді. Сағат 08.28-де құлыпталған көлікте кішкентай бала тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті.
«Шақырту орнына құтқарушылар дереу жетіп, құлыпталған көлікте 1,5 жастағы баланың тұрғанын анықтады. Көліктің жанында оның анасы болды. Құтқарушылар әйелді тыныштандырып, көлікті тексеріп, авариялық-құтқару құралдарының көмегімен салонның есігін ашты», - деп хабарлады ведомство.
Бала аман-есен анасына тапсырылды. Ол медициналық көмекке мұқтаж емес еді.
«Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға абай болуды, балаларды көлікте жалғыз қалдырмауды және кілтті өзімен бірге алып жүру керектігін ескертеді. Осыған ұқсас оқиға болған жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалу қажет», - деп толықтырды департамент.
Айта кетейік, Жетісайда құлыпталған көлік ішінде 5 жасар қыз бен шақалақ сәби қалып қойған болатын.