$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.02.2020, 22:23
Жаңалықтар

Бейбіт жиналыстар туралы Заң жобасының тұжырымдамасы қоғам талқысына шығарылды

Президент Жолдауында митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігі айтылған болатын

Бейбіт жиналыстар туралы Заң жобасының тұжырымдамасы қоғам талқысына шығарылды
Фото: ашық дереккөзден

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң жобасының тұжырымдамасы қоғам талқылауына шығарылды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамды даму министрі Дәурен Абаев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Құрметті достар! Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында бейбіт жиналыстар туралы жаңа Заң әзірлеуді тапсырды. Бүгін біздің Министрлік «Ашық Үкімет» сайтында осы нормативтік-құқықтық акт тұжырымдамасының жобасын орналастырды. Келіп түскен ұсыныстар мен жетекші халықаралық тәжірибелер негізінде бірқатар жаңа енгізілімдер ұсынылады», - деп жазды министр.

Енді 10 жұмыс күні ішінде әр азамат өз ескертпесі мен түсініктемесін сайтта қалдыра алады. Олар алдағы уақытта қарастырылатын болады.

«Журналистерді, үкіметтік емес сектордың өкілдерін, азаматтық белсенділерді осы жұмысқа қатысуларыңызды сұраймын», - деді Д.Абаев.

Айта кетейік, Президент Қ.Тоқаев 2019 жылдың қыркүйегінде халыққа жариялаған Жолдауында митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өткен еді.

Серіктес жаңалықтары