Бестөбеде заңсыз жолмен алтын іздеген тағы бір азамат мерт болды
Аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды
Ақмола облысындағы алтын кеніштері бар Бестөбе жақтан қаралы хабар жиілеп кетті. Тағы да алтын іздеп ескі шахтаға түскен жап жас жігіт қыршынынан қиылды. Алтын қазуға әкеткендер Дмитрий Шевченконың денесін қапқа салып, Кутузовка ауылындағы үйінің ауласына тастай қашқан дейді ата-анасы. Бұл туралы КТК арнасы ақпарат таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаза тапқан азаматтың ата-анасының пайымдауынша, ұлдары жерастында жасалған жарылыстан қаза болды. Өйткені іш-құрылысы ақтарылып, сүйегінің сау тамтығы жоқ. Қазір полиция жабық кеніштерде заңсыз алтын іздеумен айналысқан топты тауып, тергеуді бастады. Кеніш кезіп заңсыз жолмен алтын іздеген тағы бір азамат мерт болды. Жасы 23-те ғана. Бұл Бестөбеде болған бірінші қайғылы оқиға емес. 600 метр тереңдіктегі қауіпке қарамастан бұл кәсіпке құныққандар азаймай отыр.
Шынымен де, Дмитрийдің ата-анасы оны шахталардың біріне жұмысқа заңды түрде орналасты деп ойлаған. Өйткені ол жұмыс берушіні ғаламтордан іздеп тауып 400 шақырым жердегі Бестөбеге аттанған. Сөйтсе олар бригада құрып, жиналған азаматтарды жер астына алтын іздеуге жіберетіндер екен.
«Тапқан олжаларын сыртта тұрып жинап алады», - дейді марқұмның туысқандары.
Бұл жолы да бір топ адам ашық жатқан ескі кенішке түскен. Жарылғыш зат қолданғанда Дмитрий қаза тауыпты. Үш адам оның өлі денесін көлікке салып алып ауылға әкеліп тастаған.
«Қапқа салып алып, ит сияқты әкеліп тастады. Далдұл болған өлі денесін көріп есіміз шығып кетті. Мұндайды кім күткен?! Олар осы топтың басшылары. Сонда қалай, өз бетінше өлікті артып алып, әкеліп тастап жүре беретін ол кімдер? Жарылғыш затты ресми түрде жұмысы жоқтарға кім берген сонда? Базарда сатылмайды ғой. Бұл нағыз қауіпті бизнес болғаны ғой», - дейді марқұмның ағасы Андрей Шевченко.
Мүрдесін Солтүстік Қазақстандағы үйіне кіргізіп, туысқандарына көңіл айтуға да жарамаған үшеу кетісімен, Шевченколар полиция шақырған. Бұл жағдайдан оқиға болған Степногор қаласының полициясы да бейхабар екен. Жер астында жасалған жарылыстан бір жігіт қаза тапса да, оқиға орнына не полиця, не жедел жәрдем шақырмаған. Сөйтіп әлгі жұмыс берушілер мәйітті Жигулиге салып, марқұмның ауылына бір-ақ тартқан. Қазір құзырлы органдар оларды тергеуге алды.
«Шахталардың бірінде қайтыс болған 23 жастағы азамат Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының тумасы. Алған дене жарақаты ауыр болған. Қазір күзетілетін нысанға заңсыз кірді деген баппен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Адам өлімі болған жерде заңсыз әрекет еткен үшеуге қатысты да тергеу жүріп жатыр. Ал әскерден жуырда ғана борышын өтеп келгеннен кейін, тепсе темір үзетін ұлының жұмыс тапқанына жүрегі жарыла қуанған ата-ана бүгін оны ақтық сапарға шығарып салды.