Еліміздегі мектептер бес күндік жұмыс форматына көшеді – министр
Бұл шешім демалыс күндеріне еш әсер етпейді
Алдағы оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Біз мынадай шешім қабылдадық – келесі жылдан бастап үш ауысымда оқытатын мектептерді қоспағанда, еліміздегі барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді. Бұл мектеп директорларына, мұғалімдерге және барлық қызметкерлерге қатысты. Біз мұғалімдер сенбі күні демалып, балаларымен бірге болуы керек деп санаймыз», - деді министр.
Ол сөзін жалғай отырып, бұл шешім демалыс күндеріне еш әсер етпейтінін мәлім етті.
«Осы тұста мынадай сұрақ туындайды – бұл демалыс күндеріне әсер ете ме? Бұл мәселе демалыс күндеріне әсер етпейді. Демалыс уақыты 56 күн болып өзгеріссіз қалады», - деді Аймағамбетов тамыз конференциясында.
Министр директорлардан сенбі күндері әдістемелік күндер өткізбеуін немесе мұғалімдерді қандай да бір жолмен жұмысқа шақырмауды сұрады.
«Бұл тәжірибені тоқтату керек. Мұғалімдер мен мектеп директорлары бес күн ғана жұмыс істеуі керек. Білім беру бөлімдерінде де, мектепке дейінгі ұйымдарда да», - деді ол.