Павлодар облысында табиғат қорғау заңнамасын бұзғандар 8 млн теңгеден астам айыппұл төлейді
Облыс аумағында «Киік» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізілуде
Тамыз айының басынан бері 40-қа жуық заң бұзушылық анықталған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, киіктер мен дериваттарды, сондай-ақ басқа да жануарларды заңсыз аулау, ағаш кесу, су жануарларын аулау, биологиялық ресурстар нысандары мен өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында 8 тамыздан бастап облыс аумағында «Киік» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізілуде.
«Нәтижесінде полиция қызметкерлері 40-қа жуық заң бұзушылықты анықтады. Оның ішінде, жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу, сондай-ақ балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзушылар бар», - деді департаментте.
Айта кету керек, биыл полиция қызметкерлері табиғат қорғау заңнамасын бұзған 534 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Олардың барлығына 8 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Экологиялық қылмыстарды бұзғаны үшін 17 қылмыстық іс қозғалды.