Атырауда екі жасөспірімді қағып кеткен жүргізуші көлігін тастап, оқиға орнынан қашып кетті
Жүргізушіні іздестіру жұмысы жүріп жатыр
Атырауда екі жасөспірімді қағып кеткен жүргізуші көлігін тастап, қашып кетті. Қазір оны іздестіру жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша жол-көлік оқиғасы 17 тамызда түнгі уақытта болған.
«Жергілікті уақытпен сағат 22:40 шамасында маркасы «ВАЗ-2114» автокөлігінің жүргізушісі Атырау қаласында екі жасөспірімді қағып кеткені белгілі болды. Ол Сатпаев көшесінде орналасқан «Атырау» ойын-сауық орталығы тұсында реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 2004 және 2005 жылғы жасөспірімдерді көлігімен қағып кеткен», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізуші көлігін оқиға орнында тастап, қашып кеткен. Қазір «ВАЗ-2114» автокөлігі арнайы тұраққа қойылды. Ал оның жүргізушісін іздестіру жұмысы жүріп жатыр.