Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тұрғын үй салуға шектеу енгізіле ме?

Azattyq Rýhy

Қалалардың инженерлік жүйелері жаңа ғимараттардың жүктемесіне төтеп бере алмай отыр

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тұрғын үй салуға шектеу енгізіле ме?
Фото ашық дереккөзден

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тұрғын үй салу қарқынына шектеу енгізіледі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде осы мәселе жайлы мәлім етті. Бұл туралы Azattyq Ruhy LS-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, шектеулерді енгізу қалалардың инженерлік жүйелері жаңа ғимараттардың жүктемесіне төтеп бере алмайтындықтан жоспарланып отыр.

Осыған байланысты, егер Алматыда 2022 жылы 3,4 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланса, онда жаңа ұсыныс бойынша бұл көрсеткіш 1,5 млн шаршы метрден аспауы тиіс. Нұр-Сұлтанда жоспарланған 2,3 млн шаршы метрден 2 млн шаршы метрге дейін. Бұл қалаларда жыл сайынғы өсім 10%-ға дейін болуы шарт. Министрлік шектеулерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдағанын атап өтті.

«Осыған байланысты республика бойынша тұрғын үй салудың жалпы республикалық көлемін азайтуға қайта есептеу жүргізілді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен қалған өңірлерде тұрғын үйді пайдалануға берудің түзетілген жылдық жоспарлы көлеміне жалпы ағымдағы жылдың соңына дейін қол жеткізу қажет»,- деп мәлімдеді ИИДМ.

Министрлікте атап өткендей, бұл қалаларда инженерлік инфрақұрылым, ауыз су, жылу және электрмен жабдықтау, кәріз және нөсер ағындарын бұру, сондай-ақ, энергия көздерінің тапшылығы сақталуда, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін орналастыру үшін бос жер учаскелері жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.