Қазақстанда жаңа Бас мүфти сайланды
Құрылтайға жиналған делегация Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасын бірауыздан қолдады
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс ІХ құрылтайында еліміздің жаңа бас мүфтиі тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Аталған жаңалық ҚМБД-ның ресми сайтында жарияланды. Онда Серікбай қажы Ораз ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти қызметіне Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасын ұсынды. Құрылтайға жиналған 300 делегат Серікбай қажы Ораздың ұсынған кандидатурасына бірауыздан дауыс беріп, қолдау көрсетіп, Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфтилікке сайлады.
«Наурызбай қажы Тағанұлы менің бірінші орынбасарым ретінде көптеген игі жобаларды жүзеге асырды. Діни салада тәжірибесі мол. Наурызбай қажы Тағанұлының Діни басқарма жұмысын жандандырып, жаңа бастамаларға ұйытқы болатынына сенемін», – деді Серікбай қажы Ораз.
Құрылтайға қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Серікбай қажы Ораздың 2017-2020 жылдары атқарған жұмысына оң баға беріп, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, діни саладағы ортақ шараларды бірлесе жүзеге асыруға ниеттестік білдірді.
«Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300 делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, Бас мүфти лауазымына сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды. Осы мерейтой аясында 30 мешітке ел игілігі жолында қызмет еткен тұлғалардың, соның ішінде әл-Фараби мен Абайдың есімін беруді, 30 елді-мекеннің ауыз су, жол-көпір мәселесіне оң ықпал етуді, 30 отбасыға қайырымдылық жасауды, 30 студентке грант тағайындауды, 30 мешітке күрделі жөндеу жүргізуді, т.б. игі іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап қойдық. Барша жамағатты сауапты істі бірлесе атқаруға шақырамын», – деп атап өтті ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетсек, Наурызбай қажы Тағанұлы осыған дейін ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы қызметін атқарды.
Еңбек жолы:
- 1997-2006 жылдары Республикамыздың түрлі мешіттерінде имамдық қызметтерді атқарумен бастау алған.
- 2006-2011 жылдары ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық №1 орталық мешітінің Бас имамы.
- 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасының Бас сарапшысы.
- 2013-2018 жылдары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы.
- 2018 жылдың шілде-қазан айлары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкілі имамы.
- 2018 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі, Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы.
Еңбек жолындағы жетістіктері:
- Наурызбай Тағанұлының тікелей жетекшілігімен 2002-2005 жылдары ШҚО, Аягөз қаласында орталық және «Жаңауыл» мешіттерінің құрылысы сәтті жүргізіліп, іске қосылған. 2010-2011 жылдары Қарағанды қаласындағы орталық мешіттің салынуына үлес қосқан. Қарағанды облысында «Сұлу әлем», «Нұрлы мінбер», «Жұлдызды гол» атты жобаларды іске асырған. Республикалық БАҚ беттерінде жарияланған көптеген діни, рухани-танымдық мақалалар мен «Үміт сәулесі», «Мазһабсызбен сұхбат» атты кітаптардың авторы.
Марапаттары:
- «Құрмет» орденінің иегері, Аягөз ауданының құрметті азаматы, Қазақтан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы медалімен, Қазақтан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы медалімен, Қарағанды облысы әкімінің құрмет грамотасымен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Жеке өмірі:
- Отбасылы, 4 баланың әкесі.