$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан кәсіпорындарының басым көпшілігі Ресейге салынған санкциялардан зардап шеккен

Бұл Ұлттық банк жүргізген арнайы сауалнама барысында белгілі болды

Қазақстан кәсіпорындарының басым көпшілігі Ресейге салынған санкциялардан зардап шеккен
Фото: ашық дереккөзден

ҚР Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин жылдың II тоқсанындағы кәсіпорындар мониторингінің нәтижелерін ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

2022 жылдың II тоқсанында сауалнамаға 3 343 кәсіпорын қатысқан, оның ішінде 1 576 ірі және орта кәсіпорын болған. Мониторинг нәтижесі дайын өнім өндіру көлемінің ұлғаюына, дайын өнім бағасының өсуіне, өткізу рентабельділігіне, сондай-ақ активтер мен айналымдағы қаражаттардың айналымына байланысты нақты сектордағы экономикалық белсенділіктің оң динамикасы жалғасып келе жатқанын көрсетті.

«2022 жылдың II тоқсанында дайын өнімге сұраныс біршама баяулады. Диффузиялық индекс (ДИ) 52,7-ден 51,3-ке дейін өзгерді. Көрсеткіштің баяулағаны тауар өндіру (52,0) мен қызмет көрсету (50,8) секторларында, сондай-ақ тау-кен өндіру (53,0) мен өңдеу (52,2) өнеркәсібінде байқалды», - деп атап өтті Рүстем Оразалин.

Кәсіпорындарда дайын өнімге баға өсу қарқыны ұлғайды, ДИ 66,0 болды. Сонымен қатар тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде бағаның өсуі баяулаған (ДИ тиісінше 63,8 және 68,1 дейін өзгерді).

Бұрынғыдай, кәсіпорындар Қазақстан экономикасының қазіргі ахуалы бизнесті жүргізуге кедергі екенін айтады. Сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 38,9%-ы бұны растады. Басқа кедергі: бәсекелестік (28,0%); салық деңгейі (23,3%); сатып алушыларды іздестіру (23,0%); білікті мамандардың жетіспеуі (21,6%); дебиторлық берешекті қайтарудың күрделілігі (12,9%) болды. Қаржыландыруға қолжетімділік маңыздылығы жағынан 8-орында (12,5%) тұр.

«Сауалнама геосаяси жағдайдың және Ресей Федерациясына қарсы енгізілген санкциялардың кәсіпорындардың қызметіне әсері туралы сұрақпен толықтырылды. Кәсіпорындардың 54,3%-ы геосаяси ахуал мен тиісті санкциялар олардың қызметіне кері әсер еткенін мәлімдеді, бұл ретте кәсіпорындардың 12,0%-ның бизнесі едәуір зардап шеккен. Ал респонденттердің 41,8%-ы геосаяси жағдайдың әсер ете қоймағанын атап өтті», - деді Р. Оразалин.

Нақты сектордағы кәсіпорындардың сауалнамаларын біріктіріп бағалауды білдіретін композиттік озық индикатор (KOИ) 100,4-ке дейін өсті.

Серіктес жаңалықтары