Қазақстандықтар үшін дизель отынының құны литріне 230-260 теңгені құрайды – Энергетика министрлігі
Дизель отыны алдымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және жанармай құю станцияларына бөлінбек

Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша берілген дизель отынына сараланған баға белгілеуді көздейтін бұйрық жобасын әзірленді. Бағалар тұрғылықты жеріне, тұтыну көлеміне және көлік түріне қарай сараланатын болады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Бұйрық жобасына сәйкес біздің азаматтарымыз үшін жүргізуші куәлігі болған жағдайда – күніне лимит 100 литр дизель отыны үшін қазіргі бағамен 1 литріне 230-260 теңге, сондай-ақ жүк көлігі үшін – егер жүргізуші куәлігі және көлік құралының Қазақстанда тіркелгенін растайтын тіркеу куәлігі және құжаттары бар болса, тәуліктік лимит 300 литр болады. Қалған адамдар тобына, сондай-ақ көрсетілген көлемдерден артық дизель отыны үшін 1 литрі 450 теңгеден сатылатын болады», - деді министр.
Дизель отыны бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және автожанармай құю станцияларына бөлінетін болады. Екінші кезекте, қалған жанар-жағармай өнеркәсіптік кәсіпорындар мен Қазақстан темір жолына бөлініп, жетпеген жағдайда – қажетті көлемдер импортталады.
«Қазіргі уақытта отандық мұнай өңдеу зауыттарының жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарының мерзімдерін оңтайландыру және ауыстыру, сондай-ақ жүктемені ұлғайту мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ анықтама ретінде атап өткім келеді: шілде айында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажеттілігіне 106,6 мың тонна дизель отыны, тамыз айында – 160,7 мың тонна, қыркүйекте тағы 123,6 мың тонна дизель отыны тиеп-жөнелтіледі», - деді Ақшолақов.
Министр күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге белгіленген баға – 1 тоннасына 222 мың теңгені (литріне 184 теңге) құрайтынын атап өтті. Бұл ретте дизель отынының негізгі жеткізушілері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы мен «Petrosun» ЖШС болып табылады.
Аталған мәселеге байланысты Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне отандық нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмас үшін барлық шараларды уақытылы қабылдауды тапсырды.
«Жанармай құю станцияларының иелерімен тиісті жұмыстар жүргізу керек. Азаматтарымыз бен ауылшаруашылық саласы зардап шекпеуі керек. Отандық тұтынушыларға және транзиттік автокөлікке берілетін жанар-жағармай бағаларын дифференцияциялау бойынша ережені тез арада қабылдап, 20 тамыздан бастап енгізу керек», - деді Әлихан Смайылов.