«Әлем күш көрсетпесе, жоғалудың алдында тұр»: Зеленский Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге шақырды
Украина мен Ресей арасындағы соғыс, Кениядағы жаппай тәртіпсіздік және Армениядағы өрт – әлем жаңалықтарына шолу
Украина тарапы АЭС маңындағы атыстан кейін әлемді «күш көрсетуге» шақырады. Украина Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуға үндеп, Еуропадағы ең ірі атом электр станциясындағы апаттың салдары туралы ескертті, деп хабарайды Azattyq Ruhy шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Дүниежүзілік ядролық қауіпсіздік жөніндегі Бақылау кеңесі егер ұрыс тоқтамаса, апат болуы мүмкін екенін ескертті. Украиналық және ресейлік шенеуніктер Украинаның оңтүстігіндегі Запорожье атом электр станциясының маңындағы шабуылдарға кім жауапты деген сауалға бірін-бірі айыптады.
Украина президенті Владимир Зеленский «Егер әлем қазір бір атом электр станциясын қорғауға күш пен батылдық танытпаса, бұл әлем жоғалды дегенді білдіреді» деп ескертті.
Ол ресейлік сарбаздарға егер Ресейдің бақылауындағы Энергодар қаласындағы нысанға шабуыл жасаса немесе оны атыс базасы ретінде пайдаланса, онда олар «ерекше нысанаға» айналады деп ескертті.
Ал Ресейдің «Интерфакс» ақпарат агенттігі Ресей тағайындаған Энергодар әкімшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Украина күштері оқ жаудырды, электр станциясының жанында жарылыстар болды» деп хабарлады.
Ресейдің Энергодар қаласындағы өкілі Владимир Рогов дүйсенбіде Америкада шығарылатын m777 гаубицаларының 25-ке жуық ауыр артиллериялық соққысы екі сағат ішінде атом станциясы мен бейбіт тұрғындар тұратын аудандардың жанында болғанын айтты.
Владимир Путин Украинадағы сәтсіздіктерге қарамастан Ресейдің қару-жарағын экспорттауға дайын
Президент Владимир Путин дүйсенбіде Ресей бүкіл әлемдегі одақтастарға заманауи қару-жарақты сатуға және Украина соғысынан алты ай өткен кейін әскери технологияларды дамытуда ынтымақтасуға дайын екенін айтты.
Десе де, оның әскерлері Украинаның екі ірі қаласынан бас тартқаны, яғни күткен нәтижеге жете алмай келе жатқаны белгілі. Бірақ Путин Мәскеуден тыс қару-жарақ көрмесінде сөйлеген сөзінде Ресей қаруы бірнеше жыл бойы бәсекелестерден озып келеді деп сендірді.
Оның айтуынша, Ресей Латын Америкасымен, Азиямен және Африкамен берік байланысын бағалайды және одақтастарға қару-жарақтан бастап бронетранспортерлерге, артиллерияға, әскери ұшақтарға және ұшқышсыз ұшақтарға дейін барлық қару-жарақты жеткізуге дайын. «Олардың бәрі дерлік нақты ұрыс операцияларында бірнеше рет қолданылды» деді ол.
Кенияда Президент сайлауының нәтижелері жарияланған соң жаппай тәртіпсіздік басталды
Кения қалаларында жаппай наразылықтар мен тәртіпсіздіктер қазіргі вице-президент Уильям Рутоның Президент сайлауындағы жеңісі туралы хабарланған соң басталды. Бұл нәтижелерді оның қарсыласы, бұрынғы премьер-министр Раила Одинга мойындамады. Оны кетіп бара жатқан президент Ухуру Кениата да қолдады. Ұлттық сайлау комиссиясының төрт мүшесі, оның ішінде төраға орынбасары да жеңімпазды жариялауға келіскен жоқ.
Еревандағы өрт тек дүйсенбі күні кешке сөндірілді
Зардап шеккендердің ресми саны онға дейін өсті. 20-ға жуық адам хабар-ошарсыз кетті.
Армения ТЖМ Еревандағы көтерме-бөлшек сауда кешеніндегі жарылыстар мен өрт салдарынан он адамның қаза тапқанын растайды. Жиырмаға жуық адам хабар-ошарсыз кетті, олардың арасында Ресей азаматтары да бар. 60-тан астам адам зардап шеккен. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Өрт жексенбі күні түстен кейін оқ-дәрі сақталған қоймаларда басталған. Жарылыстар нәтижесінде бірнеше павильондар қирады. Өрттің барлық ошақтарын жою тек дүйсенбі күні кешке мүмкін болды.