Көші-қон заңнамасын бұзған жүзден астам шетелдік анықталды
Жаңа заңға сәйкес, 5 күн ішінде шетелдіктерді уақытша тіркеу жойылған

Көлік полицейлері жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 100-ден астам шетелдікті анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының 40-қа жуық азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Биыл қазақстандық көші-қон заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 10 қаңтардан бастап күшіне енген заңнама нормалары бойынша шетел азаматтарының республика аумағында болуына жеке және заңды тұлғалар - Қазақстан Республикасының азаматтары жауапты болады. Шетелдіктерді қабылдайтын ҚР азаматы үш күнтізбелік күн ішінде көші-қон қызметіне олардың келуі туралы хабар беруге міндетті. Көші-қон заңнамасының жаңа ережелеріне сәйкес 5 күн ішінде шетелдіктерді уақытша тіркеу жойылды. Шетелдік азамат 30 тәуліктен астам болған жағдайда уақытша болуға рұқсат рәсімделеді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар полиция қызметкерлеріне ӘҚБтК-нің 517-бабы (болу мерзімін бұзу) бойынша әкімшілік айыппұл салу өкілеттіктері берілген, оның мөлшері болу мерзімін бұзуға байланысты тағайындалады (мысалы, 3 тәулікке дейін – ескерту, 5 тәулікке дейін - 5 АЕК, 10 тәулікке дейін - 10 АЕК).