Қазақстанда 1 қыркүйекте локдаун енгізіле ме – мамандар жауабы
Комитет өкілдері әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сенбеуге шақырады
Әлеуметтік желілерде 1 қыркүйекте Қазақстанда пандемияның жаңа толқыны басталып, локдаун жарияланатыны туралы ақпарат тарады. Алайда ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпараттың жалғаны екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі StopFake порталына сілтеме жасап.
«Бүгінде көріп отырғанымыздай, КВИ-мен сырқаттанушылықтың төмендегені байқалады. Сырқаттанушылық аздап өсті, бірақ эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Біз баршаңызды вакцина алуға және ревакцинациядан өтуге, қоғамдық орындарда бетперде тағуға және мүмкін болса, COVID-19 жұқтырмас үшін шет елдерге сапар шекпеуге шақырамыз. Карантиндік шараларды күшейту немесе жеңілдету туралы шешімді Ведомствоаралық комиссия қабылдайды. Қазіргі кезде карантин жариялау туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ», – деді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Комитет өкілдері халықты әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған ақпаратқа сенбеуге шақырады.
Еске салсақ, бүгін Нұр-Сұлтан қаласы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «сары» аймақтан шықты. Қазір еліміздің барлық өңірі «жасыл» аймақта тұр.