«Каспий» ӘКК тиімсіз жобаларды қаржыландырған
Корпорациямен жасалған келісімдердің шарттары орындалмаған
Маңғыстау облысындағы «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бюджет қаржысын оңды-солды шашып, тиімсіз жобаларды қаржыландырған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің облыстық департамент басшылары мәлімдеді. Агенттік қызметкерлері акционерлік қоғамның жұмысына талдау жүргізіп бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Ақша бөлінген бірақ, өндіріс жоқ. Корпорация бірнеше жобаны қаржыландырған алайда, олар жүзеге аспай қалды. Мысалы «Полимерлі қаптама өндірісі» жобасына 65 млн теңге бөлінген. Одан бөлек, шикізат өндіруге 12 млн теңге, айналым қаражатын ұлғайтуға 14 млн теңгедей қаржы берілген. Алайда, былтыр іске қосылуы тиіс зауыт сол күйі ашылған жоқ.
«Азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары мен шығындалған бюджет қаражаттары тиісті нәтиже бермеген. Мысалы үшін жер беру мәселелері аукцион арқылы шығару керек еді, не болмаса инвестициялық жобаларға берілетін жер учаскелері инвестициялық емес, коммерциялық жобаларға берілген фактілер анықталды», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігі департамент басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали.
Сондай-ақ, «Балық цехы», «Диірмен комбинаты», «Аққу»тұрғын үй құрылысы» жобаларына қатысты да заңсыздықтар анықталды. Корпорациямен жасалған келісімдердің шарттары орындалмаған.
«Автобус паркін жаңалауға қатысты жобаларда жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Басқа кәсіпкерлерге дайындалып келіп соңында басқа кәсіпкерлерге берілген. Біз талдау қорытындыларын құзырлы мекемелерге жолдадық соның ішінде бәсекелестікті қорғау департаментіне жолдадық», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің департамент басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілінің сөзінше, бұл деректер 2020 жылы және оған дейін болған оқиғалар. Сондықтан сол кездегі басшылардың іс әрекетінде қылмыстық құрам бар ма, жоқ па оған құзырлы органдар баға бермек. Айта кетейік, бұл деректерге басқа да мекемелердің қатысы бар.