Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады
Сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру үшін биыл 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр

Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендері ауыз суды кестемен тұтынады. Бұл туралы Azattyq Ruhy Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру үшін биыл 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Олар: Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Нұртас ВС, Текесу е/м, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумақтары және Қайнарбұлақ е/м. Ал Сайрам елдімекенінде құрылыс жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі таңда Құрсай елді мекенінде екі кезеңнен тұратын жобаның 80 пайыздан астам құрылыс жұмысы аяқталып, 270 шақырым су құбыры орнатылды. Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су құбырын тарту құрылысы 2023 жылы өтеді.
Осы жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99%-ға жетеді.
Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады.